Әдемі төсек-орын тысын сатып алып, бірнеше рет жуған соң оңып кетті ме? Әдетте мұндай жағдай жуу-кептіру-үтіктеу сынды қате күтім жасаған кезде болады. Кез келген істегідей бұл жерде де өзіндік ерекшеліктер бар.
Сатып алған тысыңыз жұмсақ әрі әдемі болса да, оны қолданбас бұрын жуыңыз. Жуған кезде теріс қаратуды ұмытпаңыз. Әр тыстың жуылу температурасы әртүрлі болатындықтан, табиғи және жасанды матадан тігілген түрлерін бөлек жуған жөн. Мұнымен қатар, синтетикалық матаның талшықтары табиғи мата талшықтарына жабысады. Одан бөлек түсіне байланысты бөлек жуу мәселесі бар.
Төсек-орын тысын аптасына бір рет ауыстырып тұрсаңыз, жеткілікті. Егер арнайы нұсқаулығы болмаса, барлығын 50°С температурадағы суда жуамыз. Әдетте температура жоғары болған сайын, кір киімдер жақсы жуылады. Тысты жуа салысымен бірден кептіреміз. Ал машинада кептіретін болсақ, «деликатный» деп орыс тілінде жазылған режимді таңдаймыз.
Майлы дағы бар тыс оңып кетпес үшін қыша тұнбасында жуамыз. Қыша тұнбасын әзірлеу үшін суға 1 стақан қыша саламыз. Артынша дәкемен сүзіп, 40-45°С температурада қызып тұрған 10 л суға саламыз. Арада 2-3 сағат өткен соң тысты осы тұнбаға салып жуамыз. Қышаны 2-3 рет ауыстырамыз. Тысты қышада жуған соң міндетті түрде мүсәтір спирті қосылған суда шайған жөн. 10 л суға 1 шай қасық мүсәтір спирті жетеді. Жібектен тігілген тысты суық суда шаямыз. Ол үшін 10 л суға 5 ас қасық сірке қышқылын құямыз.
Трикотаж жүн матадан тігілген киімдер мен төсек-орын тысын сабын тамырының (сапонин) тұнбасында жууға болады. 70° градуста қайнап тұрған 10 л ыстық суға 50 г сабын тұнбасын құйып, бір тәулікке қалдырамыз. Суыған соң матаның көмегімен сүземіз. Тысты осы тұнбада 30-40 минут жуамыз.
Мақта матадан тігілген тыстың өңін келесі тәсілмен кіргізуге болады: 10 л суға 2-3 ас қасық скипидар мен мақта матаны жууға арналған құралды қосамыз. Тысты осы қоспада бір түнге қалдырамыз.
Екінші тәсіл: тысты 30-40° градуста жылып тұрған сірке қышқылына саламыз. 1 л суға 1 шай қасық сірке қышқылын қоссаңыз жеткілікті.
Ал сіз төсек-орын тысын қалай жуасыз?