Төлен Әбдік. Сәби туралы сыр

Отан отбасынан басталады. Отбасы – өзің, жарың, балаң. Яғни отбасының жауапкершілігі – бүкіл отанға деген жауапкершілік. Бірақ үйленгенде осының бәрін ойлап жатпайсың. Жұрт үйленіп жатқан соң, бір қызбен көңілің жарасқан соң, үйленесің.

Ата-ананы қуанттың, өзің мәз болдың. Бір-біріңді қызықтап жүргенде бір күні жеті түнде жарың құлағыңа сыбырлап: «Біз үшеу болатын болдық»,– дейді.

Сен түсінбей аң-таң боласың. Оған жарың қылтиып өкпелеп, оны әрең жұбатып, әрі өзің де не болғанына түсініп, енді беймәлім сол үшіншіні күтіп біраз жүресің. Жылауық. Не емшеккке тоймайды. Тәжірибесі жоқ келіншегің баланың қыбын таба алмай, қосыла жылап, шақшадай басыңды шарадай қылады.

Нәрестеге ат қоюдың өзі бір жұмыс екен. Бүкіл жолдас-жораларыңды шақырып, шілдеханасын өткізіп, ат қоюға келгенде ешкім мәмілеге келмей, әркім өзі ғана қойғысы келіп, аяғы үлкен дауға айналып, таң ата әлгілерден құтылғаныңа қуанасың.

Үш-төрт ай бойына аты жоқ баланы саусағыңмен көрсетіп жүріп, ақыры Жамбыл қаласында тұраты қайын атаңа жіберіп, балаңа атты әрең қойдырып аласың.

Қош! Әке болдың. Емшекке жарымайтын балаңа таңертең ерте тұрып, Космонавт пен Виноградов көшелерінің қиылысындағы кухнядан басқа әйелдер сауып қалдырып кеткен сүтін сатып алып, жол-жөнекей тағы бір-екі дүкенге соғып, үйге келесің де, бір кесе шайды ішкен-ішпегеніңді есіңе түсіре алмай, жұмысқа тартасың.

Кешке үйге келгенде шешесінен мезі болған бала тек саған талпынады да отырады. Сен баланы алып отырып, шарасыздау үнмен уақыттың жоқтығын, қолыңның босамай қойғанын, әйтпесе осы уақытта бір-екі әңгіме не хикаят жазып тастауға болатынын айтып, бала болмағанда дүниені төңкеріп тастайтындай болып, әйеліңе шағым айтасың.

Түнде бала ұйықтату қашар бұзаулағаннан қиын. Және сенің балаң (өзгелерді кім білген) өзінің дем алған дыбысынан өзі оянып кететін бір саққұлақ. Көтеріп қақпақылдап жүрмесең, ұйықтамайды. Ақыры өлдім-талдым деп баланы ұйықтатып, жатқызып, есікті жауып, деміңді баып, ас үйде әйелің екеуің «уһ» деп рақаттанып, бір кесе шайды енді ауызға ала бергенде шар ете қалған дауыс шығады. «Ойбай» деп екеуің бірдей жүгіріп, сасқаннан есікке кептеліп, «қабаттасасың да жүресің» деп бір-біріңе кейіп, баланы тағы да қолға алып, ұйықтатуға кірісесің. Таңертең сен жұмысқа кеткенде әлгі кішкентай ерні бұлтиып, мұрны пышылдап, жұпар иісін бұрқыратып ұйықтап жатады. Өзіңе ұқсай ма, қалай?

Сүйіп алғың келеді. Бірақ болмайды – оянып кетеді. Қолыңа ақша түссе, әлгі немеге бірдеңе алғың келеді де тұрады. Не киім, не ойыншық. Ойыншықтан қора салатын болдың. Бала да жаман үйреніп, бір ойнаған ойыншығымен ойнамай, келесі ойыншықты күтіп отырады.

Баланың қылығы күн сайын өзгеріп, айтсаң таусылмайтын жырға айналады. Ең алғаш «мәм-мәм-мәм» дегенін естіп, ешкім естіп-көрмеген бір ғажайып құбылыстың үстінен шыққандай есің шығады. «Қайталашы» десең, әлгі неме тура алғашқысындай «мәм-мәм-мәм» дейді де, тағы айтайын ба дегендей сығырайып бетіңе қарайды.

Бір күні аяқ астынан баланың іші бұзылып, зәрең ұшып дәрігерге барсаң, «тісі шығып жүрген шығар» дейді жайбарақат. Үйге келіп баланың аузын ашсаң, ой, Алла, жоғары жағынан ағарып шығып келе жатқан екі тісті көресің.

Енді ол неме тісінің қышуы қанғанша көрінген затты аузына салып тістейтінді шығарады.

Күлгенде саршұнақтың тісі құсап әлгі екі тісі көрініп тұрады. Ал енді аяғына тік тұрып, өз бетімен бірнеше қадам жасап, бір метр жерді жүріп өткен кезде ХХ ғасырда бұдан үлкен жаңалық болмаған секілді әсер аласың. «Көрдің бе, көрдің бе?» – деп айғайлайсың әйеліңе. «Көрмедім»,– десе: «Сен-ақ осы дүниенің бәрінен құр қаласың да жүресің», – деп ол байғұсты біраз жерге апарып тастайсың.

(Жалғасы)

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: akjunis.kz