Тігін машинасы шыққалы қол тігіс түрлері мүлде ұмытыла бастады. Қазіргі кезде қолмен тігу тек қазақы ұлттық жасау-жабдықтарды дайындау кезінде ғана қолданылатын болды. Үзілген түймені өзі қадап алудың орнына шебер іздеп шаршайтын мына заманда қол тігіс түрлеріне кім қызыға қойсын десек те, біле жүргеннің зияны тимес. Деректерге зер салсақ, қол тігіс атауларының өзі аз емес екен.
Көктеу тігіс
Көктеу – тігілетін маталарды уақытша ұстап, тігуге қолайлы болу үшін пайдаланатын тігіс түрі. Көктеу екі түрлі болады. Біріншісі, инені алшақ шаншып, екі матаны бір-біріне жапсыра тігу. Екіншісі, теріден пішілген киімдерді немесе саба жасағанда жіптің ұшын түйіп, бір өткізіп алған соң қайта түйіп кете беру. Екінші алшақтау жерден, осылай іліп тігу. Бұл көктеу түрі көбінесе қалың аң терілерінен киім тіккенде қолданылады.
Тепшу тігісі
Бұл тігіс көктеуге қарағанда жиі тігіледі. Тігіс әдісі де көктеуге ұқсас. Ине шаншымын жиі алып, тек бір шаншымнан емес, инені шүберекке әлденеше шаншып тізіп алған соң бір-ақ тартып шығаруды – тепшу дейді.
Жөрмеу тігісі
Жөрмеу тігісі – теріден, көннен, киізден жасалатын жабдықтар мен киімдерді тігуге қолданылады. Мысалы киіз үйдің киізден жасалатын жабындылары жөрмеу арқылы тігіледі. Шетін жиектеуге де жөрмеу әдісі пайдаланылады. Жөрмеудің жапсырып тігу, бүгіп тігу түрлері де бар. Матаны матаға жапсыратын тігіс үшін кейде бұзау тіс, шыраш жөрмеуі де қолданылады. Жөрмеу тігісінде екі киізді, теріні беттестіріп алып, шетінен бастап инені көлденеңінен түйреп шаншып, жіпті орап түсіріп тігеді.
Қабу тігісі
Қабу тігісі – арасына жүн, мақта салынып жасалған қалың жабдықтар, астарланған бұйымдар бір-біріне жабысып тұруы үшін пайдаланылатын тігіс. Инені бұйымның ар жақ, бер жағына жиілеп өткізіп, білдірмей тігетін тігіс қабу тігіс деп аталады.
Қайып тігу
Көркем түсетін тігістің бірін – қайып тігу деп атайды. Ертеде қайып тігуді берік әрі сәнді болуы үшін киімдердің жаға-жең, бас киімдердің көрнекті тұстарын тігуге жиі қолданған. Етікшілер аяқ киімді қайып тігу әдісімен тігеді. Қайып тіккен тігіс өте берік болады.
Таңдай тігіс
Қосылатын екі жапсарды кезек қиғаш қабырғалата тігіп шығатын тігісті – таңдай тігіс деп атайды. Мысалы оюларды жапсырып тіккен кезде осы әдіс қолданылады.
Торлау тігіс
Жөрмеу тігістің бір түрі – торлау тігіс. Торлау негізінде түйме өткізілетін тесіктердің кенересі сетінеп, қалпын бұзбауы, жиырылмауы үшін қолданылады. Торлау – өте жиі тігілуі тиіс.
Жара тігіс
Киіздерді құрастырғанда, етіктің ұлтарағы, киіз байпақтың қонышын, табанын қаусырғанда, тері тігістерінде жиі қолданылады. Мұнда тігіп отырған екі заттың шеттерін не астыңғы, не үстіңгі бір жақ қыртысынан ғана шаншып, инені сол шеттің ортасынан жара шығарып отырады.
Қабырға тігіс
Қабырға тігіс екі жапсарды қосу үшін қолданылады. Торлаудың кесек шаншып тігілетін түрі десе де болады. Қабырға тігіспен кездемелерге, тоқыма бұйымдарға өрнек тігуге де, оюлардың шетін жапсыруға да болады.
Қол тігіс түрлері тек осы атаулармен шектелмейді. Мәселен кезінде жөрмеудің өзін сіргеше жөрмеу, асықша жөрмеу, шырыштап жөрмеу, торлап жөрмеу деп бірнеше түрге бөліп атаған екен.
Дереккөз: namys.kz