Телефон қаптары гаджеттерден қалмай, соларға сай дамып келеді. Қап - телефонмен жұмысты ыңғайлы қылудың амалы. Оны таңдау телефон моделі мен жеке талғамға байланысты болады. Алайда олардың қажеттілігі бар ма?
Қап телефонды қорғайды
Силикон не былғарыдан жасалынған, телефонға берік кигізілетін қаптар шын мәнінде телефонды кірден, шаң-тозаңнан, тырналудан, судан қорғайды. Ал салып қоятын мата қаптардың қорғанысы шамалы. Сенсорлы телефондарға бетіне қорғаныс пленка жабыстыру жетеді. Алайда қап телефонның сәнін бұзып, көзге оғаш көрсетуі мүмкін. Қалтафонды құлатып алу қорқынышы мен телефон әдемілігі арасында қайсысын таңдайсыз?
Қап - телефонның келбеті
Көпшіліктен ерекше боламын деген жандарға телефон қаптары таптырмас зат. Көңіліңізге қарай қаптарды ауыстырып тұрсаңыз болады. Назарларыңызда тастармен әшекейленген қаптар, тоқылған қаптар, түрлі логотиптері бар қаптар. Алайда сәнге еремін деп қолдану ыңғайлығынан арылмаңыз. Көп жағдайда қаптың кесірінен телефон пернелері әрең басылып, экрандағы суреттер көрінбей, шеткі батырмалар мүлдем басылмай қалады. Бірақ кейде қап телефонның ақауларын, сынған, тырналған жерлерін жасыра алады.
Қап қолданысты жеңілдетеді
Заманауи қаптардың қолға қыстыратын, асып қоятын баулары бар. Олар қолданысты әлдеқайда жеңілдетеді. Үлкен ұялы телефондар мен планшеттерді тұрғызып, видеоларды қарауды ыңғайлы қылады.
Кей жағдайларда телефон қабы таптырмас дүние болса, кейде телефонмен толыққанды жұмыс жасауға бөгет болатыны да рас.
Ал сіз телефоныңызды қапқа саласыз ба?
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: 24gadget.ru