Жұмыс барысында іссапарларға шығу қажеттілігі туындап тұрады. Егер басшылық сізді маңызды кездесу не шараға жіберсе, демек, сіз өз компанияңыздың өкілі болуға лайықсыз.
Ұшаққа іскерлік кездесуге арналған костюм не көйлегіңізбен отырмаңыз. Ұшуға қалың, сапалы, мыжылмайтын матадан жасалған киім алыңыз. Мақта, зығырдан жасалған костюмдер мыжылып қалады, сондықтан оларды үйде қалдырғаныңыз жөн. Іссапарға көп киімнің қажеті жоқ. Демалыс саяхаты кезінде де адамдар толтырып алған шабаданынан тек 2-3 түрлі киім шығарып киеді. Қалғаны сол бойда үйге қайтады.
Іссапар киімінің матасы вискоза мен полиэстер болғаны жөн. Ақшыл түсті костюмге тамақ не көліктің шаңы жұғып қалуы мүмкін. Сондықтан көк, қара, сұр түсті костюмдеріңізді алғаныңыз дұрыс.
Блуза, жейденің ақшыл түстерін таңдауға болады, алайда ауыстырып киетін басқа блузаңыз дайын болғаны жөн. Егер белдемше киетін болсаңыз, бірнеше жаңа колготканы сөмкеге салып алыңыз. Аяқ киім (туфли) костюммен үйлесуі керек екенін ұмытпаңыз.
Іссапарға көп косметиканың қажеті жоқ. Негізгі тоналка, сүрме, көз бояуыш (тени) пен далап алсаңыз, жеткілікті. Міндетті түрде макияждан тазалайтын лосьон мен иісмайды салып алыңыз.
Мақта, мақта таяқшасы, сулық пен қалта орамалын сөмкеге салып қойыңыз.
Бас ауруы, жүрек айнуы мен тұмауды емдейтін дәрі-дәрмектер жайлы ұмытпаңыз. Үнемі ішіп тұратын дәрі, дәрумендеріңіз болса, өз қалаңызда сатып алыңыз. Сіз баратын жерде қажетті дәрілер болмай қалуы мүмкін.