Сөмке күтімі тек уақытылы тазалаудан ғана тұрмайды. Кей әдеттер сүйікті аксессуарыңыздың сыртқы келбетін нашарлатуы мүмкін. Сөмке жылдам тозбау үшін оны қалай күту керегін ұсынамыз.
Сөмкені ілмеңіз
Кей қыздардың сөмкені есік тұтқасына немесе басқа жерге іле салу әдеті бар. Одан сөмке созылып, оның сыртқы келбеті өзгеріп кетуі мүмкін. Сондай-ақ ол сөмкенің бауына (ілгішіне) зиян, себебі оған қосымша жүк түседі. Сондықтан оны тігінен сөреге қою керек.
Сөмкені күннің көзі түспейтін жерде сақтаңыз
Сөмкені қандай да бір уақыт қолданбасаңыз, оның ішін қағазбен немесе матамен толтырып, күннің сәулесі тіке түспейтін және ылғал емес жерде сақтаңыз. Тіпті, күнде үйге келген кезде сөмкені терезенің алдына қоя салуға болмайды. Егер оны күннің көзі түсетін жерде сақтасаңыз, уақыт өте материалдың түсі кете бастайды. Ал артық ылғал оның ішінде зең пайда болуына ықпал етуі мүмкін. Сөмкені сақтауда арнайы қап қолданған жөн. Әдетте, сөмкенің қабы бірге сатылады. Егер сөмке алған кезде оның қабы болмаса, оның бөлек сатылатын түрін табуға болады.
Арнайы спрейлер қолданыңыз
Стилистер былғарыға, эко былғарыға, күдеріге және басқа да сөмке материалдарына арналған спрейлер қодануды ұсынады. Олар сөмке беті мен сыртқы ластықтардың (мысалы, жаңбыр тамшылары немесе кофе дағы) арасындағы бөгеу етінде әсер етеді. Мұндай спрейді күнде ұстайтын сөмкеңізге айына бір рет, ал кештерге арналған клатч пен аксессуарларға одан да сирек қолданыңыз.
Сөмкені заттармен толтырып тастамаңыз
Сөмке өз пішінін сақтау үшін оның ішін заттармен, соның ішінде өте ауыр заттармен толтырып ұстамаңыз. Әйтпесе, былғары созылып, уақыт өте бауы үзіліп кетуі мүмкін. Оның үстіне сөмкеге көп зат салсаңыз, олар бір-бірімен үйкелісіп, кей заттың (мысалы, косметиканың) қақпағы ашылып кетіп, сөмкенің іші ластануы мүмкін. Сондықтан сөмкенің ішкі матасын ластауы мүмкін заттарды қаптарға немесе шағын косметикалық сөмкеге салып жүрген дұрыс.
Сөмкені жылына 1-2 рет жақсылап тазалап, 2 аптада 1 рет сүртіп тұрыңыз
Сөмкені қаншалықты жиі қолдануыңызға қарай оны жылына бір немесе екі рет жақсылап тазалау керек. Сондай-ақ оны екі аптада бір рет сүртіп алған жөн. Бұл оның сыртына ластық жиналып қалмау үшін қажет. Ластықтар сөмкенің бетінде ұзақ уақыт қалып қойса, олар оның сыртқы қабатын кетіре бастайды.
Су жұқтырмайтын құралды сөмке материалына сәйкес таңдаңыз
Сөмке жаңбыр секілді сыртқы факторлардың себебінен азырақ ластанып, сыртқы келбетін жоғалтпас үшін оған су жұқтырмайтын құрал пайдаланыңыз. Көпшілік өндірушілер мұндай құралдың әмбебап түрін шығарғанымен, оның дәл сіздің сөмкеңізге сәйкес келуі маңызды. Сондықтан оны қолданбас бұрын сөмкенің аса білінбейтін кішкентай жеріне жағып көріңіз. Оны жаққан кезде ол жылдам сіңіп, ешқандай дақ қалдырмау керек. Су жұқтырмайтын құралдың нұсқамасын мұқият оқыңыз. Себебі оның кей түрлерінде бояу әсері бар.
Үйде тазалау әдісімен абай болыңыз
Сөмкені интернеттегі әдістер бойынша тазалауды шешсеңіз, оны алдымен аса білінбейтін жеріне тексеріңіз. Егер сөмкеде үлкен дақ болса, оны арнайы тазалайтын жерге тапсырған дұрыс. Жақсы жер тапсаңыз, олар сөмке материалын зақымдамай тазалап береді.
Аяқ киімге арналған кремді қолданбаңыз
Сөмке күтіміне аяқ киім кремі жарамайды. Себебі бұл аксессуарлар үшін әртүрлі былғарылар қолданылады. Сөмкені аяқ киімге арналған креммен сүртсеңіз, ол «ескірген» түрге енуі мүмкін: сөмке бұрынғыдай жылтырамайды және ұсақ жырықтар пайда болады. Сондықтан арнайы сөмкеге арналған крем алу маңызды.