- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Шынайы махаббатты қаласаңыз......
Шынайы махаббатты қаласаңыз...
Егер сүйгеніңіз жоқ болса, неге әлі күнге кезікпегенін ойланып көріңіз. Айналаңыздағылар сіздегі кереметті көрмейді, сұлулығыңыз бен ақылыңызды байқамайды деген ойдан арылыңыз. Өзіңізді сырттай бақылап, шынайы баға беріңіз, кемшіліктеріңізді түзеңіз. Бейнеңізді айнадан ғана көрумен шектелмеңіз, ішкі әлеміңізге терең үңіліңіз.
Өзіңізді сыйлыққа балаңыз. Сырты әдемі, ашық-жарқын түсті қағазбен оралған тосынсыйдың ішіндегі нәрсе сізге пайдасы жоқ болса ұнай ма? Не тіпті ішінде түк жоқ, бос қорап сыйласа ше? Осындай сыйлыққа ұқсамау үшін қызықты тұлға болуға тырысыңыз. Өзіңізге ұнайтын істі табыңыз. Биге қатысыңыз, сурет салу үйірмесіне барыңыз, әуенге әуестеніңіз, шығыс мәдениетін зерттеңіз, парашютпен секіріңіз. Әлдекімге ұнау үшін, өз жан дүниеңіздегі сырды ашу үшін айналысыңыз. Бір орында тұрмай, өзіңізді үнемі дамытып отырыңыз. Бұл тұлғалық қасиетіңізге пайдасын тигізіп қоймай, араласатын ортаңызды көбейтеді, жаңа таныстар табасыз. Бірақ жаңа таныстар ішінен кім менің болашақ жарым болар екен деп елегізудің керегі жоқ.
Махаббат – ойламаған жерден, аяқ астынан туатын сезім. Махаббат туралы, сыңарымызды іздеу туралы ойды азайтып, қарапайым қарым-қатынастан бастасаңыз, бәрі де оңды болады.
Адаммен сөйлескенде сіздің алдыңызда ең алдымен тұлға отырғанын ұмытпаңыз. Оны бірер минут ішінде өзіңізге қызықтыруға міндетті емессіз. Қолыңыздан не келетінін, сұлулық үшін қандай құрбандыққа баратыныңызды, оқудағы не жұмыстағы жетістігіңізді айтып, өзіңіз туралы ақпаратты бірден жайып салмаңыз. Сіз оның алдына жұмысқа орналасуға келіп отырған жоқсыз. Ол сіздің жақсы-жаман қасиеттеріңізді өзі саралап білуі тиіс. Қойған сұрақтарына мейлінше байыппен жауап беру керек. Барынша жұмбақ болсаңыз, ынтықтыра түсесіз. Өзіңіз туралы ғана айта бермей, кез келген тақырыпта сөйлесе біліңіз, тек бұл екеуіңізге де қызықты болуы керек. Оның пікірін құптайтыныңызды да көрсетіп қойыңыз.
Сөйлеуден бұрын, тыңдай да білу керек. Балалық шағы, өткен өмірі туралы айтса, өз ойыңызбен әуре болмай, сол сәтте бар назарыңызды аударып, мұқият тыңдаңыз. Бұл сізге ол кісіні жақынырақ тани түсуге мүмкіндік береді. Егер алдағы жоспарын, мақсатын айтса, сізге деген сенімі арта түскенінің белгісі. Әр сөзін қолдап, сіз де сенім білдіріп қойыңыз.
Махаббатыңызды іздеу барысында өзіңізге деген құрметті де ұмытпаңыз. Мұнда «жоқтан бары» деген ұстаным жарамайды. Шынында да өз талғамыңызға сай ма, жоқ па, осыны жақсылап ойланыңыз. Тағдыр сізге өз сыңарыңызды қандай жолда болса да жолықтырады, сол үшін осы адамнан айырылсам басқа ешкімді жолықтыра алмаймын деген таптаурын ойдан ада болыңыз. Бір қылығы ұнамай қалса, дереу бас тартуға да асықпаңыз. Асықпай ұзақ уақыт бөліп сөйлесіңіз, сырласыңыз. Мүмкін ең бірінші шартыңызға сай келмейтін шығар, алайда бұл соншалықты нашар адам екенін білдірмейді. Егер басқа қасиеттерінің барлығы ұнап тұрса, бір ғана кемшілігін қабылдауға болады.
@. @assel_assanova