- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Шектен тыс еркелету...
Шектен тыс еркелету ессіздікке бастайды
Барлық ата-ана баласын еркелетіп өсіреді. Тек, осы еркелету шектен тыс болса, оның зияны өте зор. Керісінше, біздің көптеген ата-аналарымыз баласының қалаған барлық тағамын ішкізіп, қалаған барлық киімін үстіне жапсырып, қалаған барлық заттарын сатып алып береді. Мұны ұл-қызының мұқтажсыз өмір сүруіне жағдай жасау деп түсінеді. Содан бала ешнәрсенің нарқын да, парқын да білмей өседі. Ержете бастасымен-ақ ата-анасына өтініш көбейіп, «аспандағы айды алып бер», - деуден де тайынбайды. Тіпті, өсе келе баланың өтініш, тілегі бұлжытпай орындалуға тиісті талапқа, бұйрыққа да айналады.
Еркелетіп, әлпештеудің күшейетін бір кезі бала ауырып қалғанында. Көп ата-ана баласы сәл сырқаттанып қалса да оған айрықша көңіл бөліп, асты-үстіне түсіп өбектейді, айтқан тілегінің бәрін орындауға жанталасады. Ал, психолог-дәрігер бала ауырғанда оған өте айрықша көңіл бөлмеуге кеңес береді. Себебі, кейбір балалар өздері ауырғанында ата-анасының ерекше назар аударатынын байқап, қалаған затын алдырту үшін өтірік ауыратын да болады. Және де баланы ойнатып отырып тамақтандырмаңыз. Бұлай жасасаңыз, балаңыз тамақ ішерде Сіздің өзіне ерекше ықыласыңыздың ауғанын, өзімен ойнағаныңызды күтетін, соған әдеттенетін болады. Егерде сондай жағдай қалыптасқанда балаңызға көңіл бөлмесеңіз, ол жабырқап қалады, қыңыр, қырсықтыққа салынады, тамаққа тәбеті тартпайды.
Кейбір балалар «қорқып жатырмын», - деп анасын жанынан шығарғысы келмейді. Мұндайда оның «қулығын» біле тұра, оған қарсы шықпай, ұрыспай, құшаққа алып, неден қорқып жатқанын білуге тырысқан жөн. Қорыққаны қулық болса, оны өзіңнің сезетініңді білдіріп, әке-шешесін бұлай алдауға болмайтынын жайлап түсіндірген де абзал-ақ.
Ата-анасының баласына шектен тыс көңіл бөлуі отбасындағы тыныштықты да бұзады, баланың дұрыс жетіліп өсуіне кесірін тигізеді. Баланы шектен тыс қорғаштау да қауіпті. Өйткені, мұндай балалар үшін бәрін де ата-анасы жасап, жаман үйреткені үшін олар өмірге жеткілікті мөлшерде дайын болмай, ата-анасынан жәрдем күтеді. Сөйтіп, әке-шешесіне өмірбақи масыл болады. Шектен тыс әлпештеуге үйреніп, оны өз пайдасына жаратып, әдеттенген бала ешкімнен жылы сөз естімейтін ортаға тап болса, депрессияға ұрынуы да әбден мүмкін. Ата-анасы өміріне көп араласқан бала ержетсе де бір нәрсені бүлдіріп алатындай, өз бетінше іс-әрекет жасай алмайды. Мінеки, мұның бәрі шектен тыс еркелетуден, әлпештеп өсіруден.
Ә. Жутаева