Ыстық шайлар мен жайлы отырыстардың уақыты келді. Кейде шай демдерде шәйнектің ішінен қақтың пайда болғанын байқауға болады. Оның пайда болуына құбыр суы жиі себепші болады. Қалың қақ қабаты құрылғыны бұзады және қыздырғыш қуаттылығын төмендетеді. Оның үстіне қақ ағзаға енсе, зияны тиюі мүмкін. Сондықтан құрылғы ұзақ қызмет ету үшін және ағзаңыз таза болу үшін шәйнектің ішін уақытылы тазартып тұру керек.
Егер шәйнектегі судың дәмі бірден өзгеріп кетсе, судың түсі өзгерсе және құрылғының ішінде әкті қақ немесе сарғыш қабыршақтар пайда болса, ол қақтан арылу керегін білдіреді. Қақтан арылу үшін арнайы дайын құралдарды және халықтық әдістерді қолдануға болады.
1. Эмальданған шәйнектегі қақты сірке суымен кетіру
Қақтан сірке суы арқылы арылу – жылдам әрі сенімді әдіс. Бұл әдіс электрлік шәйнекке келмейді. Эмальданған шәйнекті тазарту үшін 1 л суға 100 мл сірке суын құйып, шәйнекті аз отқа қойыңыз. Оны шамамен 15 минуттай қайнатыңыз. Содан соң шәйнекті сумен шайып аласыз.
2. Эмальданған және электрлік шәйнектегі қақты лимон қышқылымен кетіру
Шәйнекке 1 литр су құйып, оған 2 шай қасық лимон қышқылын салыңыз. Суды 15 минут қайнатыңыз. Шәйнекті сумен жуып алыңыз.
Лимон қышқылы кез келген азық-түлік сататын дүкенде болады. Оны шәйнекке қақ түзілуінің алдын алу үшін қолдануға да болады. Ол үшін аптасына бір рет шәйнекке су құйып, ішіне лимон қышқылын салып, бірнеше сағатқа қалдырыңыз. Содан соң жылы сумен шәйнекті шайып алыңыз.
3. Эмальданған және электрлік шәйнектегі қақты ас содасымен кетіру
Шәйнекке 1 литр су құйып, оған 1 ас қасық ас содасын салыңыз. Ол қайнағасын отты басып қойыңыз. Баяу отта оны тағы жарты сағаттай ұстаңыз. Шәйнектегі суды төгіп, оған таза су құйып, оны қайтадан отқа қойып, қайнатыңыз. Содан соң бұл суды да төгіп, ішін бір шайып алыңыз.
4. Шәйнектегі қақты газдалған сусындар арқылы кетіру
Тәтті газдалған сусындарды тұрмыстық заттарды тазартуға да пайдаланады. Ол үшін газдалған сусынның газын шығарып тастаңыз. Оны қақпағы жоқ ыдысқа құйып қойсаңыз, сусынның газы кетеді. Сусынның бетіндегі көпіршіктер толықтай жоғалғанда оны шәйнектің жартысына жететіндей етіп құйыңыз. Бұл әдісті кез келген типті шәйнекке қолдануға болады. Шәйнекті бір қайнатып, астын сөндіріп тастаңыз. Ішіндегі сусынды 30-40 минутқа қалдырыңыз. Содан соң сусынды төгіп, шәйнекті бір жуып алыңыз.
5. Шәйнектегі қақты жемістер мен көкөністердің қабықтарымен кетіру
Бұл шәйнекті жұмсақ әрі тиімді тазартудың бір әдісі. Ол үшін картоп және алма қабықтары керек. Картоп пен алма қабықтарын шәйнектің жартысына дейін салып, үстіне су құйыңыз. Шәйнекті 20 минут бойы қайнатыңыз. Содан соң қабықтарды сумен бірге 2-3 сағатқа толықтай суығанша қалдырыңыз. Соңынан шәйнекті сумен шайып алыңыз.