Әлемдік мәдениеттің ажырамас бөлшегіне айналған шай халқымыздың ең сүйікті сусынының бірі. Қазақтардың шайға жақындығы жөнінде XIX ғасырдың орта шенінде жапондық зерттеуші М.Киттар Қазақтар шай ішкенде уақыт та, орын да талғамайды. Кез келген тамақтан бұрын да, кейін де шай іше береді деп жазған болатын. Бір күнімізді де сүт қосылған немесе ыстық қызыл күрең шайсыз елестете алмаймыз. Халқымыздың шай құю мәдениетінің өзі жеке талдауды қажет ететінін айтпаса да түсінікті. Жаңа түскен келіннің шай құю рәсімінің де тұнған тағылым екендігі ертеден белгілі. Шай ішу дәстүрі ежелгі Қытай елінен бастау алған деген дерек бар. Аңыз бойынша б.з.д.VI ғасырда Қытай императоры үшін дайындалып жатқан ыдыстағы қайнаған суға желмен ұшып келген бірнеше шай жапырағы түсіп кетеді. Сусынның хош иісіне, ерекше дәміне құмартқан билеуші жапырағы бар шай ішуді әдетке айналдырған екен. Шай Ресей жеріне 1638 жылы келді. Орыс елшісі Стариков Монғол ханының Мәскеу патшасына берген шайын табыстайды. Сол кезден бастап, бұл елде шайға деген сұраныс та арта түскен екен. Шайдың сапасынамән беріп жүрміз бе? Қазіргі кезде сауда орталықтарында шайдың түр-түрі бар. Әр тұтынушы өзіне керектісін алады. Бірінің жарнамасы мықты, екіншісінің бағасы қымбат. Қымбатырағының сапасы да жақсы болады деп кей тұтынушылар қымбат шайды тұтынады. Кейбір адамдар қай шайдың жарнамасы жақсы, бағасы қолжетімді соны сатып алады. Жалпы, қандай шай ішкен дұрыс? Біздің елімізде Гринфилд, Ассам, Пиала шайларының аты көпшілікке жақсы таныс. Симба, Кения, Индира шайлары да белгілі бір деңгейде сұранысқа ие. Дүкен сөрелеріндегі шайлардың қорабында негізінен жоғары сұрыпты деп жазылған. Алайда іс жүзінде өндірушілер бірінші, тіпті екінші сұрыпты шайды да қорапқа салып жіберуі ғажап емес. Тұтынушы екі жылдан артық сөреде жатып, сақтау мерзімі өткен шайдың құрамында зиянды заттар пайда болатынын есте сақтағаны жөн. Мамандар шайды таңдарда алдымен, оның бағасы мен қорабына зер салыңыз деген кеңесі айтады. Сапасыз шай әдетте арзан болады. Мұқият қараған адам түпнұсқамен салыстырғанда қорабындағы ұсақ жазулар мен өзге де детальдардың жетіспейтіндігін аңғарады. Шай міндетті түрде ауа кірмейтіндей тәсілмен фольга орамаға салынуы тиіс және қорабында өндірушінің заңды мекенжайы, телефоны, шайдың құрамы, жасалған уақыты мен сақтау мерзімі көрсетіледі. Шайдың құрамына енетін қоспалар мен ароматизаторларды жіктеп-жіліктеп жазу өндіруші компания үшін еш қиындық тудырмайды. Сондықтан шайды сатып алған кезде оның шығарылған мерзіміне де мән беру қажет.Ескеретін жайт, шай қоюлансын деп, ұзақ қайнатуға болмайды. Себебі, ұзақ қайнаған шай түсі мен дәмінен, хош иісінен айырылып, ағзаға қажетті амин қышқылдарын, С және Р дәрумендерін жоғалтады. Шайдың сапасын анықтағыңыз келсе, қайнағаннан кейін кесеге құйып қараңыз. Кесенің шай толы ернеуіне жасыл жолақ жұқса, шайыңыз сапасыз, егер сары жолақ болса, шайдың сапасы жақсы болғаны. Түсі, дәмі, иісі тек ыстық суда шығатын шайдың сапасы да жоғары болады. Шай сұрыптарының ішіндегі ең жақсысы ірі жапырақтысы. Ірі жапырақты шайды арнайы құралмен бүктеп салғандықтан, пайдалы қасиеттерін барынша мол сақтайды. Ал ұнтақталған шайда пайдалы заттардың мөлшері аз болады. Жалпы, дүниежүзінде шай өндіретін елдердің саны көп емес. Олар Қытай, Үндістан, Индонезия, Шри-Ланка, Жапония, Грузия, Түркия, Әзірбайжан. Олай болса, шай жапырағы өспейтін елдерден шай сатып алудың қажеті жоқ. Қазақстандықтар соншалықты құмартатын үнді шайы өзіміздің отандық фабрикаларда қапталады. Кейде шағын цехтарда өндіріледі. Бұлардың дәмі де, түсі де, тіпті иісі де көңіліңізден шықпауы сондықтан. Бір қызығы, түпнұсқа шай өндіруші елдер өз абыройларын төгіп алудан қорқады. Мәселен, қытай шайын тек Қытай ұлттық импорттық-экспорттық компаниясы экспортқа шығарады. Оның қорабында көзіміз үйренген Made in China деген жазу мүлде болмайды. Үнді шайында Made in India жазуы кездеседі. Дегенмен бұл елдегі Davenport, A.Toch, C.T.C. фирмалары өндірген шайдың сапасына күмән келтіре алмайсыз. Үнді экспортының 70 пайызын осы үш компания құрап отыр. Тағы бір қызығы, сапалы шай шығаратын үнді фирмаларының сауда белгілерінде қошқардың басы немесе циркуль бейнеленеді. Яғни, қошқардың басы мықтылықты, ал циркуль дәлдікті сипаттайды. Пайдасы мен зияны қандай? Шай түрлі бактерияларды өлтіре алатын күшке ие. Негізінен, ол сүзек, дизентерия тәрізді аса қауіпті бактерияларды жояды. Шай қан құрамын, жүрек жұмысын жақсартады, бүйрекке тас байлануын болдырмайды. Жақсы өскен шайдың жапырағында С, В1, В2, А, Р дәрумендері болады. Шай тұнбасындағы Р дәрумені адам ағзасына С дәруменінің жақсы сіңуіне көмектеседі. Шайдың тоңсаң бойыңды жылытып, шөлдегенде шөліңді қандыратын, сергектік сыйлайтын қасиеттері бар. Сапалы түрлерін емдік шараларда жиі қолданады. Қалташадағы шай өндірісте көп өзгеріске ұшырайтындықтан, сапалық қасиетін жоғалтады. Сол себепті, онда табиғи дәм мен иіс болмайды. Бұл шайдың құрамында химиялық хошиістендіргіштер мен бояу көп. Олар адам ағзасына қатерлі ісік қаупін туғызады дейді ғалымдар. Қара шай витаминдердің, минералдардың, эфир майларының және кофеиннің бай көзі. Қара шайдағы кофеин концентрацияны арттырады, жүрек және ас қорыту жүйесінің жұмысын жақсартады. Қара шайда кездесетін танин денені теріс сыртқы әсерлерден қорғайды.Қара шай тыныштандырып, маусымдық күйзеліс, невроз бен психопатия жағдайын жеңілдету үшін қолданылады. Әрі мидың қызметін де жақсартады. Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шармановтың айтуынша, қайнағаннан кейін 20-30 минуттан соң ішілген шайдың пайдасынан зияны көбірек. Сол себепті, шай қатты ыстық, не 18 градус ыстықтан төмен болса, жұпар иісі мен адам жанын сергітетін шипасын, дәмдік татымдылығын жоғалтады. Шайды тым қою етіп дайындап ішсең, оның құрамындағы кофеин жүйке жүйесінің қызметін қоздырады, қан қысымын күшейтіп жібереді. Жапырақты шай ма, әлде қалташадағы шай ма? Екеуі де бір шайдан жасалуы мүмін. Біреуінің жапырақтары түрлі мөлшердегі бөлшектерге ұсақталып, арнайы құрылғы оларды бөліп алып, мұнан кейін олар түрлі өнімге қолданылады. Жапырақты шайға қарағанда қалташадағы шайдың сапасы анағұрлым төмен. Бір қалташада 2 грамм шай бар. Оған сапасы жақсы шайдың шамамен 1 грамын салады. Ал қалған грамын толықтырғыш деп атайды. Сапалы қалташадағы шай мен сапалы жапырақты шайдың айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Жапырақты шай анағұрлым жеңіл, ал қалташадағы шайдың қуаты күшті. Себебі, құрамында танин бар. Ол тез демделеді, бірақ белгілі уақыттан артық ұстасаңыз, дәмі ащы болып кетеді. Шай демдеу ережесін сақтауға тырысып, шай қалташасын шыныда 10 минуттан артық ұстамаған жөн. Жапырақты шай белгілі бір күштілікке жеткенше қайнатылады. Айта кетейік, шайды қалташаға орауды қытайлар ойлап тапқанымен, шай қалташалары тек 1952 жылы Липтон компаниясымен патенттелді. Вашингтон университетінің ғалымдары қалташадағы шайды зерттеу барысында күніне 5 кеседен артық ішуге болмайды деген тұжырымға келген. Қазіргі кезде шайды қайнатып, жақсылап демдейтін уақыт табылмай қалып жатады. Сол себепті, адамдар қалташадағы шайды жиі пайдаланады. Тез демделетін қалта шайының зияны туралы не білесіз? Қалташадағы шайды ішкен адам өз ағзасына хлор мен басқа да қауіпті қоспалары бар зиянды заттар жиынтығын сыйлайды. Ол ас қорыту жүйелерінен бөлек, бүйрек пен сүйектің де қызметін нашарлатады. Сарапшылар қалташадағы шайдың кәдімгі шайдан айырмашылығы көп екендігін айтуда. Себебі, оны өсіп жатқан кезінде топырақта фторид жинаған ескі жапырақтардан дайындайды. Мұндай сапасы төмен шай түрі қалташаға оралғанда зияны еселене түседі. Қағазды ағартуға қолданатын хлор ыстық суда ериді. Оған қоса қағаз қалташалар құрамында пестицид ретінде қолданатын эпихлоргидрин деп аталатын қоспа болады. Шын мәнінде, қалташадағы шай қатты ұнтақталған болуы керек, себебі шайдың жапырақтары қалташада мүлдем түс пен дәм бермейді. Керісінше, қатты ұнтақталғандықтан, мұндай шай тезірек қызарып, дәм береді. Біз жұмыста да, жол жүргенде де қалташа шайын ішеміз. Бастысы, оның жақсы, сапалы түрлерін таңдаған жөн. Ал үйде шайды демдеп ішкен дұрыс. Тамақтану саласының белгілі ғалымы американдық Алиса Чейз өзінің кең тараған Денсаулық тамағы атты кітабында шай мен кофені ауруға душар ететін және адам денесінің өмірлік маңызды құрылымын бұзатын улы сусындар тобына жатқызғанымен, көптеген ғалым шай мен кофе туралы басқаша пікірде. Бұл сусынды жақсы көретіндер оның өте пайдалы, тіпті шипалық қасиеттерінің бар екендігіне кәміл сенеді. Шайдың күнделікті өмірімізде алар орны ерекше. Ендеше, денсаулыққа зиянды шай өнімдерін тұтынудан аулақ болайық. Сауатты тұтынушы сапалы өнімді таңдайды. Сапалы азық денсаулық кепілі. Абылайхан Жұмашaikyn.kz