- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Шай қалташаларының зияны...
Шай қалташаларының зияны туралы білесіз бе?
Халқымыз үйіне қонақ келсе, сандыққа салған тәттілерін шығарып, дастарханды молынан жаяды. Дастарханға қойған тәттілермен бірге қаймақ қосылған шайын ұсынады. Осындайда бірі шайын балға теңеп мақтаса, енді бірі оның дәмсіз екенін айтып, сапалысын таңдауға кеңес береді. Осыған орай, кезекті материалымызды шайдың сапалысын таңдауға көмектесетін кеңестерге арнауды жөн көрдік. Күнделікті тұрмыста олардың көмегі тиер деген ниеттеміз.
Шай қалташаларының неден жасалатынын білесіз бе? Өндірушілер әдетте шай қалташалырының ішіне шай өндіретін зауыттан қалған қалдықты қосып жібереді. Яғни шайдың пайдалануға жарамайтын, өте ұсақ ұнтақтарын. Шайды көп мөлшерде өндіретін Үндістан мен Қытайда мұндай қалдықтарды пайдалануға қатаң түрде тыйым салады. Аталған қалдықтың 10 кг-мын небары 10 АҚШ долларына сатып аласыз. Ал мұндай майда қалдықтың көмегімен шайды өте көп мөлшерде өндіруге болады. Кей шай қалташаларының ішінен қажетсіз шөптерді байқаймыз.
Шайдың құрамында не бар екенін бірден ажырату қиын. Десе де анықтап қараған кезде, көп нәрсені байқауға болады. Әдетте сапасы төмен шайдың қорабын ашқанда, бетінде майда ұнтақтың жинақталып қалғанын көреміз. Бұдан өзге шайдың шамадан тыс көп уақыт сақталуы сынды дүниелер бар. Көп сақталған шайдың құрамында афлотоксин болады. Ол – бауырды зақымдайтын, қауіпті зат.
Кез келген шайдың жарамдылық мерзімі 3 жылға дейін созылады. Қорабына қарап жарамдылық мерзімін анықтай салу оңай секілді. Алайда шай қорабының сыртында жалған мәлімет жазылуы мүмкін. Яғни шайдың теріліп алынған уақыты емес, оның қорапқа салынған уақыты жазылады. Ал қорапқа салынбас бұрын 2-3 жыл сақталуы да ғажап емес.
Шайдың сапасын қалай анықтаймыз? Қымбат шай – ең дәмді шай деп шатаспаңыз. Мәселе бағада емес. Себебі, ең қымбат шайларға міндетті түрде қоспа салады.
Сапалы шайды шығарған кезде бетіне көбік шығады. Ал мерзімі өтіп кеткен шайдан кейін шынының түбінде қоңыр дақ қалады.
Бояу қосылған шай тез әзірленеді. Ал шайға бояудың қосылып, қосылмағандығын анықтау өте оңай. Ол үшін шай қалташасын суық суға салыңыз. Бояуы болса, бірден шығады.
Жеміс-жидектің дәмі бар шайға қызығып жатамыз. Ол бар болғаны иістендіргіштердің әсері. Өндірушілер иістендіргіштің көмегімен шайдың табиғи дәмінің жоқтығын жасыруға тырысады.
Өзін сыйлайтын адам асты да жөнімен ішеді. Ағзасына зиянын тигізетін тағамдарды тұтынбайды. Сондықтан жоғарыдағы кеңестерімізді пайдаланып, шайдың сапалысын таңдайсыздар деген үміттеміз. Ал сіз әдетте қандай шайды сатып аласыз?
Қ. Бүйенбай