Шаңырақ шайқалмасын десеңіз

Шаңырақ шайқалмасын десеңіз

Отбасы – шағын мемлекет. Сондықтан, ондағы берекені, татулықты, тыныштықты сақтау оңайға соға бермейді. Өмірдің небір дауылдарына бірлесе төтеп беру, қиын сәттерде бір-біріне демеу болу, бүгінде көпшілік отбасыларда таптырмайтын нәрсе.

Жұбайлар арасындағы ең көп кездесетін қателік – ақылдасу, кеңес берудің орнына, шектеу қою. Жұбайын меншіктеп, оны басқарам деген ой бос әурешілік. Мұның соңы кикілжіңге, тіпті үлкен ұрысқа апарып соқтыруы да әбден ықтимал. Сол себепті де егер шаңырағыңыз шайқалмасын десеңіз, біздің кеңесімізге жүгініңіз.

Отбасылы болу, ондағы құбылыстар шағын сынақ деуге де болады. Оның ыстық-суығына көну, төзу, үлкен шыдамдылықты, ойлылықты, төзімділікті талап етеді. Осы сынақтан сүрінбеу үшін айтылар кеңеске мұқият болыңыз! Ең болмаса бұл кеңесті екі тараптың біреуі ұстанса, нәтижесі көп күттірмейді.

1. Сезіміңізді, ризашылығыңызды жеткізе біліңіз

Адамды үй болуға тәрбиелеу – ең қиын нәрсе. Өзге адаммен бірлесе өмір сүру, одақтасу бізге өзімізді үнемі дамытуға, қоршаған ортаға сүйіспеншілікпен қарауға мүмкіндік береді. Ерлі-зайыптылар бір-біріне қандай да бір жасаған жақсылығын міндет деп қарамай, ризашылық сезімін білдіріп отыруды әсте ұмытпағаны жөн. «Маған қамқор болу сенің міндетің! Ендеше, мен несіне саған алғыс айтамын? Бірінші орында менің қалауым, оны жүзеге асыру сенің мойныңда!» – деп шектен шығу жұбайлар арасында туатын дау-дамайға себепші болады.

Ол үшін: Жұбайыңыздың сіз үшін жасаған барлық әрекеттерінің ешбірін ұмыт қалдырмай жазып отырыңыз. Тізімнің көлемі айтарлықтай ұзарғанда мұқият оқып шығып, «Осы жасалған қамқорлықтың біріне болсын алғыс білдірдім бе?» – деп өзіңізден сұраңыз. Көбіне алғыс айтпаған болып шығасыз. Бір апта бойы қосағыңызға әрбір жасаған сыйы үшін ризашылығыңызды білдіріп отырыңыз. Тез арада арақатынастарыңыздың өзгергенін байқайсыз. Және әрқашан оны жақсы көретініңізді, құрметтейтініңізді айтуды ұмытпаңыз.

2. Жарыңыздың ойын оқуға тырыспаңыз


Зайыбыңыздың не ойлап, нендей сезімде тұрғанын білем деп ойламаңыз. Қанша уақыт бірге тұрып, мінезін білем дегенмен, сіздің қателесуіңіз әбден мүмкін. Осы қателіктің соңы жоқ жерден жіктің тууына себепші болады. Сондықтан да, іштей болжам жасамай, шын мәнісінде не болғанын білуге тырысыңыз.

Ол үшін: Қолыңызға қағаз бен қалам алып, «Менің ойымша, менің жолдасымның маған деген сезімі...» деген сөйлемді толықтырып жазып шығыңыз. Тізімді аяқтаған соң болжамыңыз дұрыс па, соған көз жеткізіңіз. Нәтижесінде көптеген болжамдарда қателескен болып шығасыз.

3. Бірден жала жабуға асықпаңыз

Ерлі-зайыптылар көп жағдайда «Сен мені осыны жасауға мәжбүрледің», «Сенің кесіріңнен біздің арамыз күннен-күнге суый бастады!», – деп нендей жағдай болса да бір-бірін кінәлауға бейім. Арақатынастың бұзылуына тек бір жақ қана емес, екі тарап та кінәлі болуы мүмкін. Сондықтан да, «Біздің арамызға түсетіндей мен не істедім?» – деп өзіңізге де сауал қойғаныңыз абзал. Әйел айғайымен ешқашан еркекті жеңе алмайды. Керісінше, жай сөзбен санасына жеткізе білгенде ғана жеңеді.

4. Үнсіздікпен жұбайыңызды жазалауға болмайды


Үнсіздік – қауіпті қару. Қандай жұпқа болмасын барлық эмоцияны, ашу-ызаны ашық айтып, көңілді бір сілкіп алғаны дұрыс. Үндемей адам барлығын жеңе алады. Алайда, бұл әрекет жан-жағындағы адамдарға кері әсерін тигізуі мүмкін. Бала кезімізді ата-анамызға ренжіп, сөйлеспеу арқылы қалағанымызды жасататынбыз. Бірақ, бұл жолмен өз дегеніңді жасату өзімшілдіктің белгісі. Біз енді анамыздың етегінен еріп жүретін бала емеспіз. Сондықтан да, өзіміз шешім қабылдап, бар мәселені өзіміз шешуіміз қажет. Ал үндемес ойынын жалғастыру ересек өмірге кереғар әрекет. Бұл адамды өз ырқына көндірудің амалы. Бұлай көндірудің арты үлкен жанжалға ұласуы мүмкін.

Ол үшін: Жолдасыңыздың жағымсыз қасиеттерін жазып, өзіңіз белгілеп алыңыз. Кейін бар нәрсенің анық-қанығына жетіп ашып айтыңыз. Оны ұрыс, не жекіру формасында емес, ескерту, ұсыныс ретінде жеткізіңіз.

Бақыт берекесі мен татуылығы жарасқан үйде ғана тұрақтайды. Сондықтан да, бақытты болу да, бақытты ету де өз қолыңызда!

Сурет: vk.com

Н. Айдархан