- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Шаңырағым шайқалмасын десеңіз...
Шаңырағым шайқалмасын десеңіз
Шаңырақ көтеріп, отбасы құрған соң қалай да ерлі-зайыптылардың әр екеуі де үлкен жауапкершілік арқалайтыны ақиқат. Шырын махаббат, шынайы сыйластық қана иықтан жаншыған тұрмыстық салмақты жеңілдетіп, ұмыттырып жібереді. Ал психологтар шаңырақтың шайқалмауы үшін екі жаққа да келелі кеңестер ұсынады:
Ерлерге:
- Өз жауапкершілігіңізді қанық сезіне біліңіз.
- Жұбайыңыздың жан-дүниесін тереңірек түсінуге тырысыңыз. Әйеліңіздің көңіл-күйін қабағынан тани біліңіз.
- Үйде көбірек болуға дағдыланыңыз.
- Түсініспеушілік себебінен керіс басталғанда, көбінде көңілді кеңге салған еркектер ғана «жеңімпаз».
- Әйеліңіздің айтқан әңгімесін бар зейін-зердеңізбен тыңдаңыз.
- Оның жасаған тамағын, істеген істерін мақтап отыру екеуіңізді де қуанышқа бөлейді.
- Мереке күндері сауға ұсынуды ұмытпаңыз. Оның нені ұнататынын біліп алғаныңыз абзал.
- Бала тек әйеліңіздікі ғана емес, оны бағып-қағу борышынан бас тартпаңыз. Бала бағуда оған көмектесе біліңіз.
- Дүкен аралау ерлерге оңайға соқпайтыны белгілі. Бірақ әйелдер үшін күйеуімен бірге дүкен аралау өте бақытты шақтардың бірі есептеледі.
Әйелдерге:
- Отбасылық өмірдегі жауапкершілік сізге өте ауыр міндет жүктейді. Оның салмағынан қабақ шытпай орындай біліңіз.
- Сыйластықты сақтаңыз. Ер-азаматты сыйлағаннан еш жамандық көрмейсіз. Қайта оның қадірлеуіне бөленесіз.
- Керіс басталғанда «ішімдегіні ақтарып алсам, жеңілдеп қаламын» деу әйелдердің назарындағы ең қате көзқарас.
- Оған «достарыңнан қарым-қатынасты үз!» деу ең қитұрқы сөзіңіз болатынын ұмытпаңыз.
- «Сыйға сый, сыраға бал» демекші, жақын адамынан болмашы сыйлық алып тұрудың өзі, ер азаматтарға ең қымбатты тарту.
- Тамақты дәмді етіп, түр-түрін істеуді үйреніп алғаныңыз жөн. Сонда күйеуіңізге де, балаларыңызға да, тіпті жақын дос-жарандарыңызға да сыйлы боласыз.
- Күйеуіңіз жұмысбасты болып кеткенде, шамаңыздың келгенінше көмектесіңіз. Мұндай сәттерде оған ерекше ілтипатпен мәміле жасаңыз.
- Шайпауыз сөзге қарағанда, «сенің айтқаның жөн екен» деген бір ауыз сөз өзіңізді ғана емес, оны да сабасына түсіреді.
- Достарыңызбен бас қоса қалғанда, әсте күйеуіңіз жайлы жаман пікір айтпаңыз. Мұндай әйелдер өмірде өте көп. Қайта оның артықшылығын айтып, мақтанып отырыңыз. Бұл өзіңізге бақыт сыйлап қана қалмастан, өзгелерге де тамаша әсер қалдырады.
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: diocesepvd.org
Қ. Қауымбек