Біз бүгін терезені қалай жуу керектігі туралы әңгімелесеміз. Әлбетте,оның да өзіндік бірнеше қағидалары бар екен...
Терезені жылына екі рет жуып тұрған жөн.
Терезені бұлтты күндері жуған дұрыс. Жұмысқа кіріспес бұрын кедергі келтіреді-ау деген заттардан айналаңызды тазартып алыңыз. Сосын қатты ыстық емес, қанжылым суды дайындаңыз.
Алдымен терезені кір жуу ұнтағы қосылған сумен жуып шығыңыз. Егер қолыңызда арнайы ұнтақ жоқ болса, уайымдамаңыз! Жылы суға тұзды қосып, жуа беруге болады. Матадан жасалған шүберекпен терезенің негізгі кірін кетіріп алыңыз. Содан кейін, басқа таза шүберекті сулап, қалған дақтарды кетіріңіз. Қатты сіңіп қалған дақтарды мүсәтір спиртінің көмегімен кетіруге болады. Өңі кетіп қалған терезені жуу үшін жылы суға уксусты қосса, өңі қайтып кіреді (1 л суға 2 ас қасық). Ал жағдайы тіпті мүшкіл терезелердің ажарын ашуға хлор көмектеседі (1 л суға 50г).
Енді терезе жақтауына ауысыңыз. Пластик жақтауларды арнайы ұнтақпен тазартқан дұрыс. Ал ағаш жақтауларды кір жуу ұнтағымен жуа беруге болады. Сосын мүсәтір спирті қосылған сумен шаяды. Жуып болған соң, құрғақ шүберекпен үстінен сүртіңіз.
Терезеңіз ұзақ уақыт жалтырап тұрсын десеңіз, 50г суға 100 г глицерин мен мүсәтір спиртінің бірнеше тамшысын қосып жуыңыз. Артынан құрғатпай, өзі құрғағанын күтіңіз. Терезені жууға ешқандай із қалмайтын шүберектерді таңдаңыз. Міндетті түрде резіңке қолғабын киіп жууға тырысыңыз. Терезені алдымен ішінен, сосын сыртынан жуған дұрыс. Ал терезенің өзін астынан бастап сүрткен жөн.
Ал егер сіз көп қабатты үйде тұрсаңыз ше? Бұл үшін арнайы мамандардың көмегі қажет болары сөзсіз. Алайда, көп шығындалмас үшін өзіңіздің де жуа алатыныңызды айтқымыз келеді. Ол үшін сізге баспалдақ керек болады. Ең алдымен баспалдақты мұқият тексеріп алыңыз! Сосын мүмкіндігінше баспалдақтың ортасында тұрып, тепе-теңдігіңізді ұстауға тырысыңыз. Керекті құрал-жабдықтарды мына суреттегідей етіп, біржола бірге алып алыңыз.
Терезеңіз үнемі жалтырап тұрсын!
суреттер: domrabotnica.ru