- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Сенбілік. Киімдерді күйеден...
Сенбілік. Киімдерді күйеден қорғау
Жүн, киіз, мамық, барқыт, кітап түптері және тағы басқалармен қоректенетін күйе көбелек жыл бойы ұрық салады. Оның жолында синтетика да, полиэтилен де, ештеңе тосқауыл болмайды.
Балаңқұртқа күн сәулесі мен таза ауа теріс әсер етеді. Шкафқа салынған қыстық киімдерді қара күйеден сақтауды ұмытпаңыз.
Күйе бірінші кезекте ластанған жерлерді паналайды. Яғни май тамған, кірлеген киімдерге кіріседі. Сондықтан шкафтарға киімдерді салмас бұрын мұқият жуып, кептіру керек. Тондар мен теріден жасалған киімдерді тазалау керек. Тері мен жүннен жасалған киімдерді күйеге қарсы дәрі сеуіп, полиэтиленде сақтаған дұрыс.
Күйеден қорғайтын халық тәсілдері
Нафталин және тағы басқа дүкеннен сатып алынған химикаттарсыз да киімдерді күйеден қорғауға болады. Төменде сондай халықтық тәсілдердің бірнеше нұсқасын ұсынамыз:
Лаванда. Матадан жасалған дорбаларға кептірілген лаванда салып, немесе мақтаны лаванда майына батырып алыңыз. Содан кейін киім сақтайтын шкаф, қораптардың бұрыш-бұрышына салып қойыңыз.
Жалбыз. Кептірілген жалбыз жапырақтары күйеден қорғайтын тиімді құралдардың бірі. Бірнеше жапырағын пакетке салып қойыңыз немесе киімдердің қалтасына салып қойсаңыз да болады.
Қалампыр, жебіршөп, гүлшетен және тамыр дәрі (женьшень). Осы шөптердің біреуін, не бірнешеуін араластырып, дорбаға салып қойсаңыз киімдеріңіз бірнеше айға күйеден сақ болады.
Сонымен қатар, күйе апельсин иісін жақтырмайды. Сол себепті шкафқа апельсин қабығын салып қоюға болады. Ең бастысы, ара-тұра ауыстырып тұрыңыз.
Есте сақтаңыз, жоғарыда көрсетілген шөптер мен заттар күйені кетірмейді, тек қашыртады. Егер күйе шкафтың ішінде мекендеп алса арнайы химикатқа жүгінуге тура келеді.
A. Mustafina