Сенбілік

Күнделікті тұрмыста сірке суының тигізер пайдасы зор екен. Бүгінгі сенбілікте соны қолданайық! 

Сірке суы мен тұз қосылған ерітінді терезе әйнегі мен шыныдағы дақтарды, сондай-ақ эмальді қазандарды жақсы тазартады. Қол мен ыдыстағы жағымсыз иістерді де керемет кетіреді.  Сірке суының ерітіндісі (екі стақан суға бір стақан сірке суы) қабырғаларды ақтағанда жан-жаққа шашырап кететін әкті тез тазалайды. Осы ерітінді жеміс шырыны пен балық майынан қалған дақтарды жақсы кетіреді. Сондай-ақ сырт киімнің жағаларын ерітіндімен сүртсеңіз, кірі кетеді екен.  Жүннен тоқылған киімдер жуғаннан кейін келбеті нашарлай бастайды. Алайда, келесі жуғанда суға аз мөлшерде сірке суын қосып шайсаңыз, киімнің өңі ашыла түседі екен.  Трикотаждан тігілген киімдердің түсі оңып кеткен болса, жуар алдында кішкене сірке суы араласқан салқын суға (10 литр суға 1 ас қасық сірке суы) салып қоя тұру керек. Жібек пен күдері бұйымдарының ерекше жұмсақтығы үшін, оны сірке суы ерітіндісінде (1 литр суға 3 ас қасық сірке суы) шайған жөн. Беті тым жалтырап кеткен киімдердің (мысалы шалбар) үстін сірке суы ерітіндісіне батырылған щеткамен тазалап алу керек.

Қосымша кеңестер:

Шойын қазанды пиязбен, сосын майлы шүберекпен сүртіп тез тазарта аласыз. Еденге тамған қиын дақтарды (мысалы сия) қырып жатудың қажеті жоқ. Линолеум не ағаш еденде тазалағаннан із қалып қалуы әбден мүмкін. Даққа зағыр майын жағып, жұмсақ шүберекпен ысқыласаңыз жеткілікті. 

Сурет: ekonadom.ru