- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Сен жалғыз қалған...
Сен жалғыз қалған жоқсың, жанарым...
Жаз маусымында басқа мезгілге қарағанда үйлену салтанаты 3 есе жиі болады. Бойжеткен өз сыңарын тауып, тұрмыс құруды шешеді.
Қыз бала үшін тұрмысқа шығу мәселесі екі жақты болады. Бір жағынан бұл міндетті, қалыпты нәрсе болса, екінші жағынан моральды тұрғыда өте ауыр.
Ата-анасы аялап өсірген қызын жүрегі ауырса да, бір күні ұзатып, қияға қондыруына тура келеді. Өз теңін тапқан қызға да жаңа тұрмысқа үйрену бастапқы кезде қиынға соғады.
Ол «мен енді жалғызбын» деп ойлап, анасының, әпке-жеңгелерінің алыста екенін түсініп, алғашқы аптада жылаумен болады. Әрине, қазір бұрынғы заманға қарағанда жеңілірек. Қолда бір-бір смартфоннан бар. Егер бір нәрсені білмей жатсаң, анаңа қоңырау шалып, кеңесе аласың.
©Азат Шектібаев
Жасаған тамағыңды суретке түсіріп, WһatsApp арқылы жеңгелеріңе жіберіп, «бәрі дұрыс па?» деп сұрай аласың. Бұл – заманның рахаты деуге болады. Сол себепті қазір күйеуге кеткен қыздың арқалайтын жүгі жеңілірек деп саналады.
Әйткенмен, бұл жаңа өмір бастауы болғандықтан, психологиялық деңгейде қыз үйін сағынып, жаңа отбасын жатырқауы мүмкін.
Бұл орайда берер кеңесіміз, мінезіңізге қарамастан (пысық, тұйық) қайын жұрттың жүрегін жаулауға тырысыңыз. Бас кезінде ата-енеңіздің асты-үстіне түсіп, сыйлап сөйлесіп, шай-тамағын уақытылы беріп отырсаңыз, сізден асқан «тамаша келін» ол әулетте болмас!
Бұл өмір бойы біреудің жағдайын ойлап, шауып жүру керек дегеніміз емес. Бастапқы кезеңде сыйласып, тіл табыссаңыз, әрі қарай тұрмыс әлдеқайда жеңіл әрі ыңғайлы болады. Бұны сіз жеңгелеріңізден, әпкелеріңізден де талай естіген боларсыз?
Тәкаппарлық, менмендік, тұйықтық мінездің бәрінен арылуға тырысыңыз. Енді сіз жаңа өмір жолына аяқ басып, жаңа үйдің мүшесі болдыңыз. Бір үйді бір келін бақытты етеді. Өз бақытыңыз да, сыңарыңыздың бақыты да – сіздің қолыңызда.
Ф. Абилова