«Сәуір болмай, тәуір болмас» дейді ертеден-ақ шаруа мен егіннің жайын білген қазақ. Көктем шықты, енді көрпе жамылып алып ұйықтап жататын уақыт емес. Айналамызды гүлдендіріп, ағаш отырғызайық. Көкөніс өсірудің қамын жасайық. Әрбір өмірге келген ер жігіт үш нәрсені жасауға міндетті: Үй салу, ағаш отырғызу және отбасын құру. Ал әйел адам – оған көмекші. Саяжайы мен игерілмей жатқан жері бар үйлердің иелеріне бірнеше кеңес бергіміз келеді.
Ең алдымен бақшадағы шөп-шалаң мен бұтақтарды тазалап, жерді егінге дайындап алу керек.
Жеміс ағаштары мен терек-талдарды сәуірдің басына дейін отырғызып тастау керек. Өйткені топырақ әлі сыз кезде ағаштың тамырларын жерге қондырып үлгеру маңызды. Сонымен қатар бүршік атып үлгерген шыбықтарды қондырып керегі жоқ. Көшеттерді тек бүршік атқанға дейін ғана қондырып тастау қажет. Ағаштарды қондырғанда алдымен орнын аударып, ортасын шамалы қазып қондыру керек. Топырақпен тамырын көмбес бұрын бір шелек су құйып жіберген пайдалырақ болады. Ағаштың түбін отырғызып болған соң, жан-жағынан шеңбер етіп қазып, кішкене үңірейтіп қою керек.
Гүл егуге әлі де кеш емес. Гүл қондырудың нағыз уақыты сәуір мен мамыр айының басы. Әсіресе осы айда барлық гүлді қондырып, ұрығын шашып тастаған дұрыс. Гүлдер ағаштарға қарағандар ерте өніп, гүлдей береді. Егер гүлді жылғамен суаратын болсаңыз, арнайы атыз жасаңыз. Ал егер өзіңіз құбырдан су ағызу арқылы суаратын болсаңыз, түбін су құюға ыңғайлы етіп қойыңыз.
Үлкен ағаштардың төменгі бұтақтарын көктем шыққанда кесіп тастау керегін білуші ме едіңіз? Білсеңіз, арнайы бұта кесетін құралды қолыңызға алыңыз да, тал-теректердің қосымша майда бұтақтарынан ертерек құтылыңыз.
Көкөніс көшеттерін қондыруға сәуірдің орта тұсынан бастап кірісуге болады. Жер жұмсарып тұру үшін алдын ала жерді аударып, тырмалап тыңайтып алыңыз. Сосын жүйектерге бөліп, көшет қондыра бастаңыз. Жүйекке су келуін, арам шөп қаумалап кетпеуін бақылауда ұстаңыз.
Ағаштың түбін ақтау үшін ең алдымен ауа-райын алдын ала біліп алу керек. Ағашқа әк жаққан соң, артынан жауын жауып кетсе, еңбегіміз еш кетеді.
Ал, ендеше қолыңызға күрек алыңыз да, іске кірісіңіз!
Сурет: zagorodnaya-life.ru