Әрбір әйел өз ас үйінің жанға жайлы әрі әдемі болғанын қалайды. Түрлі жиһаздармен қатар онда гүлдерді де орналастырғанды жөн санайды. Алайда ас бөлмеге қандай гүлдің лайықты екенін көпшілік біле бермейді. Сонымен қатар гүлдерді қайда қою керектігін де алдын ала ойластырған дұрыс. Ас үйдегі гүлдер ешқандай кедергі келтірмейтін әрі су құюға, оларды күтіп-баптауға ыңғайлы жерде тұруы қажет. Сонда ғана ас бөлмеңіздің сәні кіріп, гүлдер де жайқала өсетін болады. Ал кішкентай балалары бар үйлерге гүлді барынша жоғарыға іліп немесе бүлдіршіндердің қолы жетпейтін жерге қойғаны абзал. Ендеше сіздерге ас бөлмеге арналған гүлдер түрін ұсынамыз. Бұл бөлмеге лайықты гүлдер ыстыққа төзімді болуы керек. Сонымен қатар, тым қымбат және күтімді көп қажет ететінін таңдамаған жөн. Бұдан бөлек ас үйдегі гүлдерге сабынның көпіршігі мен пештің ыстығы тікелей ұрмауы тиіс. Осындай шарттарды сақтағаннан кейін ғана гүл таңдауға кірісе беруге болады. Негізінен ас бөлмеге кактус, бегония, қазоты (герань), монстера, бөрітамақ (гибискус), пассифлора сынды гүлдер жақсы келеді. Себебі мұндай гүлдер ыстыққа төзімді әрі көп күтімді қажет етпейді. Белгілі уақытта су құйып, жапырақтарына су бүркіп, сүртіп тұрса болғаны. Десек те ас үйде тек осы гүлдерді ғана өсіруге болады деген қатып қалған қағида жоқ. Ас ішетін бөлмеге апельсин мен кофе ағашын өсіруге де болады. Сонымен қатар құлпынайдың да қыш құмырада өсіруге болатын түрлері бар. Ас бөлмені әсіресе хлорофитум гүлімен әрлеген ерекше көрінеді. Өйткені бұл гүл өзінің әдемілігімен ғана емес, ас үйдегі ауыр әрі зиянды булардан ауаны тазартып отыратын қасиетке ие. Сондықтан да осы гүл өте қолайлы болмақ. Сонымен қатар түсі ашық гүлдерді таңдағанның пайдасы көп. Мәселен, сары түсті гүлдер адамның тәбетін ашып, қуаныш сыйлайды әрі ас қорытуды жақсартады. Керісінше көк түсті гүлдер тәбетті қашыратын қасиетке ие. Сол себепті де гүлдерді таңдарда осындай тұстарына да мән берген жөн. Ас үйге қоюға өте қолайлы гүлдердің бірі алоэ. Ол үйдегі атмосфераны тазалап, жағымсыз иістерді жояды. Бұдан бөлек жалғыз басты адамдардың жалғызсырамауына көмектеседі. Яғни үйге бақыт сыйлайтын гүл деуге болады. Жиі-жиі ауырып, түрлі аурулармен сырқаттанатын жандар алоэні барлық бөлмеге қойып қойса да артықтық етпейді. Өйткені ол адамды бойындағы әлсіздіктен арылтады. Бегония үйге қонақжайлылық сыйлап, адамның өзіне деген сенімсіздігін, қорқынышын жоятын қасиетке ие. Ол бронхтарды тазартып, ас үйдегі ылғалдылықты сақтайды. Сонымен қатар, бегония гүлі туыс адамдардың бір-бірімен керісіп қалуына жол бермейді. Оның орнына қуанышты көңіл-күй сыйлайды. Стефанотис бір үстелдің басында жиналатын отбасы мүшелеріне жағымды әсер етеді. Бұл гүл де ас үйге арналған. Оның адамдарды достастыратын қасиеті де жоқ емес. Ал олардың бір-бірімен қарым-қатынасы кезінде теріс энергияны қуып, тек жағымды энергияны таратады.