- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Сарғайып кеткен ақ...
Сарғайып кеткен ақ киімдерді қалай ағартамыз?
Жаңа ақ жейде немесе футболка сатып алған кезде аппақ болады. Бірақ уақыт өте олар сарғаяды немесе сұр реңкке боялады. Ал ақ киімдердегі дақтар басқа киімдердегіге қарағанда қатты көрініп тұрады. Сарғайып кеткен ақ киімдерді қалай ағартуға болады?
Ақ киімдерді немен жуу керек?
Негізі ақ киімдерді жууға арналған арнайы құрал сатып алған жөн. Мұндай арнайы құрал әрбір өндірушілерде бар. Егер қол астында арнайы құрал болмаса, кір жууға арналған әмбебап құралды қолдана беріңіз және оған агрессивті емес ағартқыш қосыңыз.
Ақ киімдерді қандай температурада жуу керек?
Әртүрлі материалды жуу үшін әртүрлі су температурасы қажет. Барлығына ортақ ұсыныс жоқ. Ол киім тігілген материалдың қасиеттері мен құрамына байланысты. Мысалы, ақ мақта футболканы жууға қажетті температура ақ тоқылған жемпір немесе ақ жібек жейдені құртып жібере алады. Сондықтан температураны киім материалына қарай таңдаңыз.
Ақ киімдерді қара киімдермен бірге жууға бола ма?
Бір қызығы, бұл сұрақ желіден киім жууға қатысты кеңестерді іздейтін адамдарды әлі де қызықтырады. Әрине, жоқ. Ақ киімдерді тек ақ киімдермен бірге жуу керек. Ақ киіміңізді бүлдіріп алмас үшін оларды, тіпті, ақшыл көк немесе алқызыл секілді ашық түсті киімдермен де салмаған жөн.
Ақ киімдер басқа түске боялып қалса, не істеуге болады?
Мұндай жағымсыздық орын алса, киімдердің ақтығын қайтаруға тырысып көру керек:
- Үйге кездейсоқ боялған маталардың түсін қалпына келтіретін құралдар немесе арнайы майлықтар алып қою керек. Арнайы майлықтар боялған киімнің ақтығын қайтаруға көмектесе алады. Ол үшін ақ киімдерді осындай майлықтармен бірге тағы да бір рет немесе екі рет жуып көріңіз;
- Құрамында хлоры бар агрессивті ағартқыштармен абай болу керек. Мұндай құралдар ақ киімге сары дақтар қалдыруы мүмкін. Оның орнына оттекті ағартқыш қолданыңыз. Боялған ақ киімдерді алдымен осындай ағартқыш қосылған суға салып қойып, содан соң машинаға бір жуып шығыңыз;
- Қайнату және өте жоғары температураларда жуу барлық материалдарға келе бермейді. Боялған киімдер мақта немесе зығыр матадан тігілген болса, оның түсін осы әдіспен қайтарып көруге болады. Бірақ бұл маталарға синтетикалық талшықтар қосылмағанына сенімді болыңыз, әйтпесе, жоғары температура себебінен материал құрылымы бұзылып кетуі мүмкін. Жүн, жібек және басқа да ұқыпты күтімді қажет ететін материалдарды қатты ыстық суға жууға немесе қайнатуға болмайды.
Ақ киімдерді әр жуған сайын оған ағартқыш құю керек па?
Агрессивті ағартқыш болмаса да, мұндай құралдарды әр кір жуған сайын құймаған дұрыс. Себебі олар матаға әсер етуі мүмкін. Сондықтан оларды тек қажет болған жағдайда, мысалы, киім бастапқыдай ақ емес екенін байқаған кезде қолданыңыз.
Карен Мэйс/unsplash.com
Ақ киімдерді қалай қайнату керек?
Егер аса қажеттілігі болмаса, 100 пайыз мақтадан немесе зығырдан тігілген киімдердің өзін қайната бермеген жөн. Себебі одан мата беріктігін жоғалтады. Бірақ қайнату қажет жағдайлар да болады: мысалы, кей киімдерге дезинфекция жасау немесе химиялық құралдарды аллергия үшін қолдана алмау.
Қатты зығырды жұмсарту үшін оны қайнату керек. Бірақ қайнату алдында оның ыстық су әсеріне шыдай алатынына сенімді болыңыз.
Егер ақ киімдерді немесе басқа бұйымдарды қайнататын болып шешсеңіз, мына ережелерді сақтаңыз:
- Жылтыр сырлы ыдыс немесе тот баспайтын ыдысты қолданыңыз;
- Егер кір жуғыш ұнтақ немесе ағартқыш қолданатын болсаңыз, киімді ыдысқа салмас бұрын құралдарды суда ерітіп алыңыз;
- Киімдерді салқындау немесе жылы суға салыңыз, содан кейін ғана суды қыздырыңыз;
- Су қайнаған соң киімдерді бұлғап тұрыңыз және отты басыңыз;
- Қатты лас киімдерді қайнатпас бұрын жуып алған дұрыс;
- Қайнату кезінде суға құрамында хлоры бар ағартқыш қоспаңыз. Ол киім үшін «екі есе соққы» болады: мата одан тез тозып, жыртылып қалуы мүмкін.
Ақ киімдегі дақты қалай кетіруге болады?
Бұл сұраққа да бір жауап жоқ. Бұл сұрақтың жауабы мата мен дақтың түріне байланысты өзгеріп тұрады. Алайда, жалпы мынадай ұсыныстар бар:
- Заманауи дақ кетіргіш құралды нұсқаулығы бойынша қолданыңыз. Әдетте, құралды даққа жағып, қандай да бір уақытқа қалдырып, кейін тағы да машинаға құю керек;
- Қарапайым кір сабын немесе арнайы дақ кетіргіш сабын қолданып көріңіз. Бұл қарапайым құралдар киімнің жағасын, жеңін ағарта алады және дақты сол бойда жусаңыз, оңай кетіруі мүмкін.
Сутек тотығы, мүсәтір және басқа да осындай құралдар ақ киімдерді ағартуға көмектесе ма?
Олар сарғайған ақ киімдерді ағартуға көмектесуі мүмкін. Бірақ күтімді қажет ететін маталармен мұқият болу керек. Сондықтан оларды алдымен киімнің білінбейтін жеріне тексеріп көріңіз. Егер киім кір болса, алдымен жуып алып, содан соң ғана ағартуға кірісіңіз:
- Сарғайған ақ киімді мүсәтірмен ағартып көріңіз. Ол үшін сабын ерітіндісіне бірнеше қасық мүсәтір спиртін құйып, соның ішінде киімді бір сағаттай ұстаңыз. Ерітіндіге аздап сутек тотығын құюға болады. Содан соң киімді жууға салыңыз. Әдетте, бұл әдіс мақта, зығыр және синтетикалық киімдерге келеді;
- Сарғайып кеткен тоқылған ақ киімді лимон қышқылы қосылған суға салып қойып көруге болады. Бірақ процедура алдында кішкене жеріне тексеріп алған дұрыс.
- Жібекті ағартуға әлсіз сутек тотығы ерітіндісі көмектеседі. Киімді 10-15 минут сутек тотығы ерітіндісінде ұстап, жақсылап шайып жіберіңіз. Бұл әдіс вискозаға да келуі мүмкін.
Ақ киімдер сақтау кезінде сарғаймас үшін не істеу керек?
Киімдер дұрыс жуылмаған немесе дұрыс шайылмаған болса, олар шкафта сарғайып кетуі мүмкін. Сондай-ақ кір жууға үйлесімсіз құрал қолдансаңыз да, киімдер сарғаяды. Шкафта ақ киімдер түрлі түсті киімдермен ұзақ уақыт жатып қалса, ақ киімдердің түстері өзгеруі мүмкін. Кейде түрлі түсті ілгішке ілінген ақ киімдердің де түсі өзгеріп кетеді. Тіпті, кір жууға пайдалынылатын судың кей қасиеттерінен де киім сарғаяды. Сондықтан ақ киімдердің сарғаюының немесе түсінің өзгеруінің барлық себебін алдын алу мүмкін емес.
А. Жапатова