Нәрестеге алғаш рет тіс көп жағдайда 6 айынан бастап шығады. Әдетте астыңғы бір тісі қызыл иекті жарып шығып, көзге көрінеді. Тіс жарғанда бала да, ата-ана да қиналады, өйткені, бұл – екі тарап үшін де маңызды кезең.
Алғаш рет тісі шыққан сәби жылап, ыңылдап, мазасызданады. Ыстығы көтеріліп, іші жасыл, сұйық түйіршік түрінде өтеді, сілекейі тоқтаусыз ағып, қызыл иегі ісіп кетеді. Еш уайымдамаңыз. Бұл – тіс шыққанда жүретін қалыпты жағдай. Ата-ана ретінде сіздің міндетіңіз – баланың жанынан табылып, оның көңілін аулау. Ыңылдаған кезінде баланы көтеріп, ойнатып, көбірек емізуге тырысыңыз. Есіңізде болсын, тіс шыққанда іштің өтуін ешбір дәрі тоқтата алмайды. Сондықтан сабырмен күтіңіз. Тіс қызыл иекті жарып шыққан соң, аталған белгілер тоқтап, бала өз-өзіне келеді.
Тістің шыққан-шықпағанын сұқ саусағыңызбен баланың қызыл иегін ұстау арқылы бақылай аласыз. Әдетте дәрігерлер бала ағзасына түрлі микроб түсуі мүмкін деген қауіппен бұған рұқсат бермейді. Бірақ тіс жаңадан шыққанда көзге көрінбейтіндіктен, оны ұстап қана байқауға болады. Қолыңызға қатты нәрсе іліксе, қуаныңыз, тіс жарып келе жатыр!
Көп ата-ана баланың жағдайын жақсарту үшін түрлі жақпа май қолданып жатады. Бұны дәрігерлер құптамайды, өйткені, тіс табиғи түрде өзі шығуы керек және баланың ағзасы осы процесспен өзі күресіп, жеңіп шығуы тиіс. Бірақ тіс шығарда үнемі өз педиаторыңызбен байланыста болып, сәбиіңіздің хал-ахуалын оған айтып отырыңыз. Педиатр өз кезегінде балаңызды толықтай қадағадап, сізден кеңесін аямауы тиіс.