- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Сәби тіспен туылса......
Сәби тіспен туылса...
Сәбидің алғашқы тістері шамамен 4-7 ай аралығында шыға бастайды. Бұл процесс кезінде бала ашушаң және жылауық болуымен қатар, температурасы көтеріліп, іші өтуі мүмкін. Көпшілік ата-ана сәбиінің тісі шығып келе жатқанын оның көңіл күйінің, мінезінің және кейде денсаулығының өзгерісіне қарап бірден анықтай алады. Ал егер сәби тіспен туылса, ата-ана не істеуі керек?
Көпшілік сәбидің тіспен дүниеге келуін аңыз деп санайды. Алайда сирек болса да, мұндай жағдайлар бар. Негізі баланың тісі анасының құрсағында (шамамен жүктіліктің 6 аптасынан бастап) қалыптаса бастайды. Кейде ол сәби дүниеге келгенше шығып қояды. Мұндай тісті туа біткен (натальный) деп атайды. Сәби мұндайда бір немесе бірнеше тіспен туылады. Олар қолға ғана білінетін жарып шыққан немесе толықтай шыққан тістер болуы мүмкін. Олардың көпшілігінің түбірі болмайды немесе ол дұрыс дамымаған болады. Ал орналасуы қалыпты немесе жылжыған болуы мүмкін.
Сәбилердің тіспен туылуының негізгі себебі — тістер қатарының қызыл иекке өте жақын орналасуында, сондықтан тіс жаруы уақытынан бұрын болады деген болжам бар.
Бұл ерекше жағдай әлі де ғылыми тұрғыда толықтай зерттелмеген. Алайда ғалымдар оның тағы 4 себебін қарастырады:
- Генетикалық бейімділік;
- Жүктілік кезіндегі асқынулар;
- Болашақ ананың рационында кальцийдің өте көп болуы;
- Гормондық жаңылу.
Мұндай жағдайда ата-ана не істеуі керек?
Бірінші кезекте сәбиді педиатрға, содан соң тіс дәрігеріне көрсету керек. Оларды жұлу немесе жұлмау — жағдайға байланысты жеке қарастырылатын мәселе. Әрине, оның сәбиге еш зияны болмаса, сүтті тістерінің шығуына кедергі келтірмесе, оны қалдырған дұрыс. Себебі тіс жұлу — сәби үшін ауыр процесс. Егер тіс дәрігері мен педиатр мұндай тісті қалдыруға кеңес берсе, оны міндетті түрде тазалау керек: жаңа туған сәбилерге арналған саусаққа киетін арнайы құралдар бар.
Тіс дәрігері мына жағдайларда оны жұлу керегін айтады:
- Олар қалыпсыз орналасқан. Мысалы, мұндай тістер екінші қатар түзуі мүмкін. Ал ол болашақта сүтті тістердің дұрыс қалыптасуына кедергі жасайды;
- Тістер ауыз қуысын зақымдайды. Мұндай тістер әдетте, өте әлсіз болып келеді. Сол үшін сынғыш болуы мүмкін. Олардың өткір қыры болса, ауыз қуысын зақымдап, бала ауырсынады.
Дәрігер тіспен туған сәбидің ауыз қуысын мұқият қарау керек: жақ өзгеріске ұшырамаған ба немесе таңдай патологиясы жоқ па? Кей жағдайда рентген қажет болуы мүмкін.
А. Жапатова