- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Сәби балабақшадан қандай...
Сәби балабақшадан қандай зардап шегуі мүмкін?
Қазіргі қоғамда көптеген балабақшаның жағдайы мәз емес болса да, ата-аналар ерте ме, кеш пе баласын сол ортаға қосуға мәжбүр болуы мүмкін. Алайда балабақшаға берерін беріп алып, алаңдайтын мәселелер жетерлік.
Балам басқа балалардан ауру жұқтырмай ма?
Ана сүті балаға вирус пен инфекциядан сақтанатын тосқауыл қызметін атқарады. Баланың өзінің иммунитеті үш жастан бастап іске кіріседі. Ал ата-анасы баласын басқа балаларға қоспай, үнемі оқшау ұстай алмайды. Балаңыз иммунитеті төмен болса, балабақшаға бармаса да, жұқпалы ауруды далада ойнап жүріп-ақ жұқтыруы мүмкін. Балабақшаға беруден бас тартқаныңызбен иммунитеті төмен балаңыз бәрібір мектепке баруы керек екенін ескеріңіз. Балабақшаға барғанда жиі ауырса да, уақыт өте келе бала иммунитеті аурумен күресуге қабілетті бола түседі.
Балабақшадан жаман әдет үйреніп келсе ше?
Психологтардың пікірінше, бұл балабақшадан емес, қоғамдық ортадан келеді. Бала жаман нәрсені қай жерден болса да үйреніп алуы мүмкін. Тіпті үйде жүргеннің өзінде кез келген әрекетті қағып алып, қайталауды, оның ішінде жаман әдеттерді тез үйренетіндей көрінеді. Оған ашу шақырып, балаға ұрсудың қажеті жоқ. Олар бәрібір көргенін қайталаудан танбайды. Ата-анасы жай ғана балаға ненің жақсы, ненің жаман екенін ұқтыруы тиіс.
Әлдебіреу жәбір көрсете ме?
Ата-аналардың көпшілігі балабақшада баланы басқа балалар не тәрбиешілер ұрып-соғып, қиындық көрсетпей ме деп уайымдайды. Алайда психологтар бұл алаңдаушылықты баланы шектен тыс өбектеу деп бағалайды. Басқаша айтар болсақ, баланың кез келген мәселесіне ата-анасы араласып, шешіп беретін болса, ол өсе келе өзі шешім қабылдай алмайтын, ата-анасы жоқ жерде жасқаншақ, тұйық адам болып қалыптасады. Ал егер шынында да балаңыз үнемі зардап шегетініне сенімді болсаңыз, бұл мәселені тәрбиешімен жеке сөйлесіп шешуге тырысыңыз.
Тамақтан улану
Бұл жерде әңгіме сіздің қандай мекемені таңдағаныңызда. Өзіңізді тынышандыру үшін тамақтандыру туралы басқалардың жазған пікірін оқып, балаларын бұрыннан сол балабақшаға баратын балалардың ата-анасынан сұрасаңыз болады.
Балам қараусыз қала ма?
Бұл жағдай баланың балабақшаға бармай тұрғандағы жай-күйіне байланысты. Егер бала ненің қауіпті, ненің қауіпсіз екенін білетін болса, онда бұл қағидаларды балабақша қабырғасында да сақтайды. Ал егер өз қауіпсіздігін қорғай алмайтын болса мәселе сәл күрделірек. Дегенмен оларға жауапты тәрбиешілер бар екенін, әр балабақшаның өзіндік өзіндік ережелері барын есте сақтаңыз. Психологтар баланың ұжымда қауіпсіздік шараларына тез үйренетінін айтады.
Бізді сағынып жылап қала ма?
Егер бала айналысарға ісі болмай, іші пысса сағыныштан жылайды. Ал балабақшада балалар әр минутта немен айналысатыны есептеулі. Балаға балабақшада не күтіп тұрғанын, қандай жаңа нәрсе үйренетінін айтсаңыз, бала да оны асыға күтеді. Ал сіздерді сағынып жылғана кезде тәрбиеші оның көңілін басқа нәрсеге алаңдатады.
Тәртіп сақтамағаны үшін жазалай ма?
Егер балаңыз үйде түскі мезгілде ұйықтау дегенді білмеген болса, ол балабақшаға барған күннен бастап түскі ұйқыға дағдыланып алады. Ол жерде «ұжымдық ойлау» ұғымы қалыптасады, яғни басқалар не істесе, ол да соны істеуі керек.
Қатаң жаза мен қатігез тәрбиешілер – көп жағдайда ата-ананың ойдан шығарып алған қорқынышы. Ата-ана баласын жіберуге іштей дайын болмаса, баласын балабақшаға бермеудің қырық сылтауын ойластырудан жалықпайды.
Ал негізінде, мүмкіндігі келгенше ата-ана баласын бес жасқа дейін толық өз қамқорлығында ұстап, махаббатына бөлегені жөн.
Сіздің балаңыз балабақшаға бара ма? Бастапқыда осныдай қорқыныш болды ма?
@. @assel_assanova