Әлемнің ең бай адамдарының бірі, әйгілі "Microsoft" компаниясын басқарған Билл Гейтсті білмейтін жан жоқ. Ол жасы қырыққа таяп қалғанда өзінің қарамағында қызмет істейтін Мелинда деген қызға үйленіп, Гавай аралдарында ұлан-асыр той жасайды. Тойдан кейін Билл Гейтс әйелімен екеуі сырт көзге тосындау келісім шартқа отырыпты. Соған сәйкес, ол Мелиндаға әр баласын туған сайын 10 миллион доллардан беретін болады.
Қазір миллиардердің үш перзенті бар. Қызы Дженифер 14 жаста, ұлы Рори 11 жаста, кіші қызы Фиби 8 жаста. Сөйтіп, Мелинда ханым әзірге 30 миллион доллармен шектеліп тұр. Одан басқа табысы да жеткілікті шығар. Қазақтың көнбіс келіншектері күйеуі Билл сияқты мәрт болып, әлгіндей уәде берсе, баланың санын жиырмадан-ақ қайтара ма еді, кім біледі?!
Бірақ мұхиттың арғы бетіндегі Мелинданың миына ондай ой келе қоймаған сияқты. Біздің әйелдер: "Бай болса да бай болсын, Бай болмаса да бай болсын, Тек көңіліміз жай болсын!", − деп тәубесіне түсіп, отыра береді. Алланың берген азды-көпті баласын ақшасыз-ақ туады. Өз баласын өзіне тауып бергені үшін шаңырағындағы жаман шалынан шашыратқы сұрамайды.
50 миллиард байлығы бар сол Билл Гейтс балаларына астатөк мұра үлестіруді қаламайтынын мәлімдепті. Әрине, несібесіз қалдыра қоймас. Бірақ ол перзентінің әке қамқорлығын сезіне отырып, өздері де жұмыс істеп пайда тапқанын тәуір көреді. Демек, Асан Гейтс Үсен Гейтс сияқты өмірге бейім болуы керек. Гейтс мырзаның ғибратты ісінен үлгі алсақ, кәнекей!
АҚШ-тың атақты алпауыты, қаражат королі Джон Рокфеллердің байлығы өткен ғасырдың қырқыншы жылдарында 900 миллион долларды құраған. Бұл − бүгінгі ақшаға шаққанда 190 миллиард доллар. Рокфеллер жас күнінде үнемі сүлесоқ жүретін елеусіз бала болыпты. Сабақты да тәуір оқып жарытпаған. Шешесінен ерте айырылған. Әкесі де берекесіз біреу екен.
Соның бәрі оны ширықтырса керек, болашақ миллиардер өте ұқыпты, үнемшіл, тиянақты болып өсіпті. Біреумен әңгіме үстінде де үнемі доллардың есеп-қисабын ойша шығарып отыратын көрінеді. Кейін есебінің мықтылығының арқасында атағы әлемге кең танылған.
Сол Рокфеллер өз балаларына тәттіден бас тартқаны үшін күніне екі цент, қарындаш ұштағаны үшін он цент беріп тұрған. Ал таңертеңгі асқа кешіккені үшін айып салған. Перзенттерін байлықтың буына мас қылмай, әр нәрсенің парқын біліп, пайданы еңбекпен табуға үйреткен. Әйтпесе, әйгілі Рокфеллер балалары үшін бар ақшасын судай шашам десе де өзі біледі ғой.
Рокфеллердің отаны − бүгінгі АҚШ-та да небір Асандар мен негр Асандар жетіп артылады...
Бауыржан Омарұлы
«Асан мен Үсен», 2011 ж