Пердені қалай таңдау керек?

Бұған дейін тұсқағаз жабыстыру, линолеумді тазарту секілді материалдарымызда бөлмеде әрбір зат ерекше рөл атқарады деген болатынбыз. Бүгін бөлменің сәнін ашатын перде туралы әңгіме-дүкен құрамыз. 

Көбіне перде таңдауды соңғы орынға ысырып тастап жатады. Бірақ, перденің бөлме атмосферасын берудегі рөлі орасан. Пердені қалай таңдау керек?

Опа-далаптың бетіңіздің кемшіліктерін жасырып тұратыны сияқты, перде де терезенің кем-кетігін жасыра алады. 

Перденің тұсқағазбен тұтасып кетпеуі үшін мына ережені есіңізде ұстаңыз: Перде қабырғадан ашықтау не күңгірттеу болуы керек. Сондай-ақ, пердеңіздің түсі жиһаз түсімен де сәйкес келуі керек. 

Суретсіз бір түсті маталар айналасындағы заттарға жақсы үйлесіп кетеді. Ал суретті пердені қаласаңыз, оны жиһаздар мен кілемдегі өрнектерге сәйкес етіп алу керек. Перденің матасын таңдаудағы тағы бір ескерер жайт мынау - оның нақты қандай қызмет атқаратынын анықтап алыңыз. Егер ол бөлмені күн көзінен сақтау үшін тағылатын болса, арнайы күнге қарсы құраммен боялған матаны алыңыз. Ал пердені жиі жуып тұру керек болса, мүмкіндігінше астары жоқ мықты матаны таңдаңыз. Бүгінде перде жасау үшін жібек матасы көбірек қолданылып жүр. Сусылдаған жібек аса әдемі болса да, тез оңып, күнге қарсы көп тұра алмайды. Сондықтан, көбіне тафтадан тігілген перделерді таңдаған дұрыс. Ал вискоза (жасанды жібек) оңай жуылғанымен қоймай, отқа қарсы тұра алатын қасиетке ие. 


Перденің дизайнына баса назар салыңыз. Одан кейін мерзімге. Жазда ешкімнің ішік киіп жүрмейтіні секілді, терезеңіздің ажары да өзгеріп тұруы керек. Жазда жұқа матадан, қыста қалың матадан жасалған перделер таққан дұрыс. 

Перденің безендірілуі. Адам әр нәрседен ерекше нәрсе жасап шығуға талпынуы керек. Пердені де еш пердеге ұқсатпай өзгеше қылу өз қолыңызда. Осы жерде артық қылам деп тыртық қылып алудан сақтаныңыз! Эстетикалық талғамыңызға сүйеніп немесе дизайнермен ақылдаса отырып, пердені түрлендіріңіз. Бұл тұстағы ұстанымыңыз үндестік пен түстер сәйкестігі болуы керек. 

Сурет: uborka-moskva.ru, prodam.slando.e-burg.ru