Ауылда туып өскен жастар әдетте мектеп бітіріп, үлкен қалаға оқуға кетеді. Оқуды тәмамдаған соң бірі ауылына қайтып оралса, басқасы қалада қалып, өз бетінше өмір сүруге дағдыланады.
Әрине басында туған өлкеден алыстау қиынға соғады. Күн, апта, ай өткен соң әкеңізді, анаңызды, бауырларыңызды сағынасыз. Алайда бірнеше жыл өткеннен кейін жаңа тұрмысқа үйреніп, алдыңызға үлкен мақсат қойып, есейесіз.
Жаңа қалада орын тепкен соң туған жерге оралғыңыз келмей қалуы да ғажап емес. Ата-ананың қамқорлығы – ең бағалы сыйлық. Дегенмен 20 жастан асқан соң өз бетіңізбен өмір сүріп, үлкен белестерді бағындыруға тырысуыңыз керек.
25 жасыңызда ауылыңызға қонаққа барып, тезірек үйге қайтуды ойлап жүресіз. Бұл - көп адамның өмірлік тәжірибесінің негізіндегі тұжырым.
Егер ата-анаңыздың жанында тұратын болсаңыз, 20 жаста да, 25, 30 жаста да қандай да бір ауыр мәселеге тап болғанда, дереу әкеңіздің алдына барасыз. Бұл бала кезден қалып қойған әдеттің салдары. Өз проблемаларыңызды шешудің орнына, ол туралы білмеуді жөн көресіз. Сол себепті дер кезінде ұядан ұшып, қанат қағып, өз армандарыңызға беттеуіңіз керек. Жауапкершілікті өз мойныңызға алып, талай қиындықты жеңген сайын, бойыңызда батыл мінез қалыптасады.
Үйден кетіп, жаңа өмір бастау ауыр болғанмен, оны өміріңіздегі ең маңызды шешім деп білгеніңіз жөн. Ата-анаңыздың жанында «асығудың қажеті жоқ, өмірдің бәрі алда» деп жүре бересіз.
Ғалымдардың пайымдауынша адам өміріндегі маңызды шешімдердің 80 пайызын 35 жасқа дейін қабылдайды екен. 20 жастан асқан шағында адам тез дамиды. Осы кезеңде үйде жатпай, бір нәрсемен айналысуы керек. Бұл – жасөспірімнен ересек шаққа өтетін кезең.
Ата-ана, туған туыстардың «сен әлі жассың, уайымдама, жасың бар болғаны жиырмада» деген кеңесі қате. 20 мен 30 жастың арасы - өмірдегі ең тез өтетін, маңызды шақ.
Өз армандарыңызға сеніңіз. Әрқайсысын орындау үшін еңбектеніңіз. Біреудің кеңесін, сөзін тыңдап, арманыңыздан бас тартушы болмаңыз.
Егер бір істі бастап, сәтсіздікке ұшырасаңыз, артқа қайтпаңыз. Екінші мүмкіндікті пайдаланып, қайта байқап көріңіз. Тағы қателессеңіз, үшінші мүмкіндікті пайдаланыңыз. Бірден бас тартуға болмайтынын ұмытпаңыз. Бақыт, береке, табыс пен жайлылық - уақытпен келетін құндылықтар. Мұның бәріне өз еңбегіңізбен қол жеткізсеңіз, өмір бойы жемісін көресіз.
Егер туған өлкеңізде дамуға, өсуге мүмкіндік болмаса, үлкенірек мекенге көшіңіз. Жақындарыңызды қимай, сағынарыңыз сөзсіз. Дегенмен, ең алдымен, ата-ананың алдындағы өтелмес парыздың ең болмағанда бір бөлігін қайтару үшін, еңбек етіп, мақсатқа ұмтылуыңыз керек.
Іске сәт! Ештеңеден қорықпаңыз! Сіздің қолыңыздан бәрі келеді!