- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Отбасының оты өшпесін...
Отбасының оты өшпесін десеңіз...
Жанұядағы жайлы атмосфераны қалай туғызуға болады? Сыйластық пен түсіністікті арттырудың қандай амалдары бар?
Жаңа қарым-қатынас бастар алдында біз өзімізді жақсы жақтан көрсетіп, кемшілігімізді жасырып, жасандылыққа бой береміз. Немесе бір нәрсеге көңіліміз толмай қалса, іштен тынып, барлық проблеманы өзімізде ұстап, соңында піскен қарбыз секілді жарылатынымыз тағы бар. Бұл әрекеттер әрі қарай жалғасса, жаңа құрылған отбасын бұзу мен ұшы-қиыры жоқ жанжалға әкеліп соқтырары анық.
Кеше ғана ақ босаға аттаған жас жұбайлардың қарым-қатынасы нендей қиыншылықтармен кездессе, соңын ажырасумен сабақтайды. Бұл бар махаббат пен уәденің құнын кетіретін әрекет. «Мені ол бағаламайды, бізден жақсы отбасы шықпайды, келесіде дұрыс таңдау жасап, сыйлайтын адам жолықтырам» деумен көп қыз-келіншек қателесіп жатады. Дегенмен, бұл мәселенің қиындығымен қатар, шешілер шешімі де болады. Ол үшін сіз отбасыңыздың ұйыған айрандай бір болуын шын жүректен қалауыңыз керек. Ошақтың түтінін түзу шығарып, үйдің ұйытқысы болатын бірден-бір жан – әйел. Сондықтан отбасыңыздағы бар жағдайдың 90%-ы сізге байланысты. Қыздардың білместігінен болатын проблеманы шешпес бұрын оларға ақыл-кеңесімізді ұсынамыз.
Ең алдымен, екеуара тірі әңгіме болу қажет. Егер сізді алаңдататын мәселе туса, бірден күйеуіңізге айтыңыз. Үндемей қалмаңыз. Үсті-үстіне жиналған өкпе, реніштің де ақтарылар күні туып, басқатырар айғай-шуға ұласатыны белгілі. Сондықтан бар мәселені жолдасыңызға жасырмай айтыңыз. Сөздің басын дауыс көтеруден бастамаңыз. Сабырлық сақтап, бар жайды түсіндіріп, оның да ойын біліңіз. Әңгімені «сенің ойыңша» деген сөзден бастап, «қалай болады?» деп аяқтауға тырысыңыз. Оның пікірін сұрау арқылы сіздің оған сенетініңіз байқалады. Арыз-шағымдарыңызды айтып, бетіне басудың қажеті жоқ. Жақсы басталған диалогтың шырқын бұзбаңыз. Екеуара қатынастың іргетасы – адалдық пен махаббат. Көп жағдайда, ерлі-зайыптылар бірін-бірі жат біреуден қызғанып, түсініспей жатады. Қызғану да ажырасудың себепшісі. Өзіңізге сенімді болыңыз. Сізді таңдап, неке қиған адамның басқаға тез көңіл бөлуі – басыңыздағы жеңіл ой ғана. Өмірге жеңіл қараңыз. Күдік пен күмәннан арылыңыз.
Психологтардың айтуынша, ерлі-зайыптылардың бірге болмау себебі – тұрмыстық өмірге дайын болмауынан. Рас, өмірдің күйбең тіршілігінде үй шаруасы, бала тәрбиесі немесе басқа да отбасы шаруалары кездеседі. Осы кезде «компромисті» жаныңызға серік етіңіз. Бұл тек әйел адамның қолынан келеді. Күйеуіңізге үй шаруасын немесе басқа тұрмыстық әрекеттерді тапсырар алдында бұйрықтан абай болыңыз. Бұйырып сөйлеу – еркектің намысына тиетін әрекет. Сондықтан да оған өтініш жасаған жөн. Қыздың қырық жаны болғандықтан, ерлер қауымының осындай еркелігіне төзу тағдырдың жазғаны болар. Алайда асыра сілтемеңіз. Әрі уақыт жұмсап, мазасын алған дұрыс емес. Осы сәтте еркелікті тыю қажет. Егер өтініш жасап, көмек қажет екенін дауыс көтермей, анық түсіндірсеңіз, күйеуіңіз де артық шусыз, міндетсіз шаруаңызға көмектеседі.
Отбасының татулығын сақтау үшін бұдан да басқа көптеген болжам бар. Тіпті арнайы ережелермен де танысуға болады. Бірақ адалдық пен түсіністік қай ережеде болсын, ең негізгі тарау. Өмірдің сәтсіздіктеріне мойымай, еріңіздің бар жетістігіне барынша қуанып, оны қанаттандырып, оған демеу бола білу – тек нағыз әйелдің қолынан келеді.
Н. Айдархан