Отбасы болған соң, сирек болса да ұрыс-керіс қылаң береді. Кез келген мәселе орын алмас бұрын, оның алдын алу жолдарын, туу себептерін анықтаған жөн. Көп жағдайда ері мен зайыбы бірін-бірі дұрыс түсінбегендіктен, анығырақ айтқанда, әйел адам ерінің айтқанына бағынғысы келмегендіктен жанжал тууы мүмкін. Басқа да түрлі себепке байланысты туған ұрысты қалай шешу керек?
Ең бастысы, дауыс ырғағы. Барынша сабыр сақтап, не десе де дауыс көтермеуге тырысыңыз. Сіз төмен тонмен сөйлеп тұрғанда, ол дауысын көтерсе, жайлап сөйлеуін сұраңыз. Сонда ашуға бой алдырмай, мәселенің мән-жайын тез түсінісу оңайырақ болады.
Кінә кімде болса, қарсы жақ алдымен тыныш тыңдауын сұрап, барлығын өз аузымен бүге-шүгесіне дейін айтып, түсіндіріп берсін. Сонда да екі жақтан да қате кетсе, түсіністік орнай бастайды.
Дәл осы әңгімені, дәл бүгінгі ұрысты ғана талқылауға тырысыңыз. Өткен-кеткенді қозғап, еске түсіріп, іште жатқан шерді толғаудың қажеті жоқ. Ол жағдайды кешірмеген болсаңыз, бүгінгі күнге дейін тату жетпеген болар едіңіздер. Кешірдіңіз екен, демек қайта еске алудың қажеті жоқ.
Сіз маған солай айтқансыз деп, өзіңізбен бөліскен сырларын қозғап, ұрыс үстінде бетіне басуға болмайды.
Жағдайды тек оңашада шешіңіз. Артық бір адам болса, тіпті ол сіздің ет жақыныңыз, анаңыз не балаңыз болса да, олардың ерлі-зайыптының арасындағы әңгімеге араласуға құқы жоқ. Тек екеуден-екеу қалғанда ғана мәселенің шешімін іздеңіз.
Мүмкіндігінше оқиғаны ашу үстінде талқыламауға тырысыңыз. Сабырлық сақтап, өз өзіңізге келгенде ғана татуласу жеңіл болады. Ашу үстінде өзіңіз ойлағаннан өзге сөздерді де айтып салуыңыз ғажап емес. Алдыңыздағы бөтен адам емес, өзіңіздің таңдап қосылған жарыңыз екенін ұмытпай, мейлінше көңіліне қаяу салмауға тырысыңыз.