Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Отбасында барлығы момын, түсінігі мол дегеннің өзінде айына, жылына бір рет түсініспеушілік туып отырады. Бір-біріне дауыс көтеріп, айқайламаса да, ренжісіп қалудың өзі кикілжіңге жатады. Бұл әр кез көңіл күйді түсіріп, жағымсыз әсер сыйлағанымен, жақсы жақтары да бар. Ұрыстың қандай жақсы жағы болуы мүмкін?
Энергия мен эмоция сыртқа шығады
Әдетте әр адамның ұнамаған әрекетін сәт сайын айтып, отырса опақ, тұрса сопақ қыла беру орынсыз. Ал ренжіскен кезде оған көңіліңіз толмайтын тұсының барлығын айтып, ішіңізде жиналып қалған негативті шығаруға болады.
Мәселелердің беті ашылады
Ол адам да, сіз де бұрын айта алмай жүрген мәселеңізді осы кезде айтуға тура келеді. Бұрын ашылмаған тақырыптар қозғалып, ішінде не жатқанын анықтап аласыз әрі өзіңіз де өткен-кеткен мәселелерді қозғап, сол кезде түсінбеген әрекетіңізге жауап алсаңыз болады. Мұны «үнемі», «ешқашан», «тіпті» деген сөздерді араластырмай айтуға тырысыңыз. Мақсатыңызды да айқындап алыңыз, жай ғана сөз қайтару үшін, үнсіз қалмау үшін, кемшілігін бетіне басу үшін айтпаңыз. Оны айтудан қандай да бір пайда болып, татуласуға себеп табылса ғана қозғауға болады. Тек жағдайды ушықтырып алмаңыз.
Ренішсіз өмір бейжайлықтан хабар береді
Әдетте адамдар бір-біріне көңілі тым суып кетсе, ары қарай өмірінде ол адамның бар-жоғы маңызды емес болса, ұрыс шығара беруден де шаршап, бейтарап күй танытып кетеді. Бұл да жақсы емес. Оданда ренжіссеңіз де, ұрыссаңыз да мәселені талқылап, қарым-қатынасты қалпына келтіріп алған абзал.
Ішіңіз пыспайды
Егер үнемі бір адам екіншісінің ығына жығылып, дегеніне көне берсе, бір-бірінен тез жалығуы мүмкін. Өзінің ой-пікір жоқ, үнемі біреудің айтқанына бас шұлғи беретін жанға көрсететін сый да азаяды. Жай ғана іш пыспауы үшін емес, шынында да өз пікіріңізді ақтап шыққыңыз келсе, ұрыстан қашудың қажеті жоқ.
Эмоциялық байланысты нығайтады
Бұлт артынан күн шығатыны секілді ұрысып қалғаннан кейін міндетті түрде татуласасыз. Тек ренжісудің ұзаққа созылып кетпеуі маңызды, екі күннен артық ренжісіп жүрмей, татуласудың амалын іздеңіз. Сонымен қатар жабулы қазанды қайта-қайта ашып, жараның бетін тырнап, күн сайын, күнарадан бір әңгімені қайта қаузаудың қажеті жоқ. Сонда ренжіскеннен кейін бір-біріңіздің қадіріңізді ұғынып, араларыңыз жақындай түседі.