Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы, яғни кез келген зиялы қоғамның діңгегі. Отбасының аман-саулығы әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі. Отбасын бірлесіп бірге күн көретін, туыстық қатынаста тұратын адамдар тобы құрайды. Ал жанұяның береке-бірлігі – әр сәбидің, әр баланың болашақ қадамы мен бақытты жүзінде. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, бала тәрбиесінде және оның дара тұлға болып қалыптасуында ата-ананың рөлі мен отбасы құндылығының маңызы өте зор. Отбасы деген шағын ғана мемлекетіңіздің берік те бақытты болуы үшін, ең бастысы, өзгелерді, соның ішінде бірінші болып балаларды бақытты ету керек. Ұлт өмірінің іргетасы, негізін қалаушы – отбасы болса, отбасының іргетасы – бала. Ал бала отбасының жылуын, қолдауын сезінгенде ғана бақытты болып ержетеді. Ендеше назарларыңызға отбасы, ата-ана, бала жайында айтылған қанатты сөздер легін ұсынамыз.
1. Елін сүйер сеніңіз,
Өз отбасын сүйе алған.
Қасым Аманжолов
2. Отбасы – адам өмірінің тамаша жақтары жүзеге асатын... адамның ең басты шаттығы болып саналатын балалардың өсіп, өмір сүретін орны.
Антон Семенович Макаренко
3. Ата-ананың тілегінің қандай екені жөнінде өзіңе айқын есеп беруге тиістісің.
Антон Семенович Макаренко
4. Ата-ананың қадірін,
Балалы болғанда білерсің.
Шал ақын
5. Қазақ дәстүрі тек ата-ананы ғана емес, жалпы адамды сыйлауға баулиды.
Ғабиден Мұстафин
6. Отбасы өмірді кемеліне келтіреді... бақыт әкеледі.
Антон Семенович Макаренко
7. Ата-бабасын сыйламау – азғындықтың айқын белгісі.
Александр Сергеевич Пушкин
8. Еңбексіз, тыңғылықты, байыпты еңбексіз отбасы бақытты дегеніміз бос қиял болмақ.
Константин Дмитриевич Ушинский
9. Ата-ана қадірін білмеген – халық қадірін біле алмас. Халық қадірін білмеген – ата-ана қадірін біле алмас.
Ғабиден Мұстафин
10. Үйлену дегеніміз – өз құқығының жарымын азайтып, міндетіңді екі есе көбейту деген сөз.
Артур Шопенгауэр
11. Егер ерлі-зайыптылар бастары қосылғанша бір-бірінің құлқын, әдеттері мен мінездерін біліп алмаса, некенің бақытты болуы мүмкін емес.
Оноре де Бальзак
12. Отбасылық тұрмыс және махаббат мәселесінде қашанда адамның жалпы қабілеттері, саяси және адамгершілік тұрпаты, оның дамуы, жұмысқа қабілеті, адалдығы, өз еліне шексіз берілуі, қоғамға деген сүйіспеншілігі шешуші рөл атқарады.
Антон Семенович Макаренко
13. Ата-ана сүйіспеншілігі даналығына рухани әзірлікке баулу... жас адамның адамгершілік негіздерінің пайда болуындағы ең маңызды да нәзік мәселелерінің бірі.
14. Адамға өзінің аналық немесе әкелік міндетін сезінуді жөргекте жатқан кезде-ақ үйрете беру керек.
15. Әке мен ана болу бақыты аспаннан түсетін олжа емес.
Василий Александрович Сухомлинский
16. Адам өміріндегі ең үлкен қуаныш – бала сүю.
Бауыржан Момышұлы
17. Қатты тәртіп көрсе бала күнінде,
Өнерімен қуантады түбінде.
18. Ата-анадан өсіп ұрпақ тараған,
Жақсы, жаман болса, бала – солардан.
19. Бала нені білсе жастан, ұядан –
Өле өлгенше соны таныр қиядан.
Жүсіп Баласағұни
20. Әке-шешенің өтірігі бала жүрегін суындыра береді. Бір кезде ол өтірікті бала да айтады.
Ғабит Мүсірепов
21. Баланы бұзуға, түзеуге себеп болатын бір шарт – жас күнде көрген өнеге.
Жүсіпбек Аймауытов
22. Атасынан ақыл алса, тентек ұл да жөнделер.
Махмуд Қашқари
23. Неғұрлым аз жәбір көріп өскен бала өз намысын жақсы түсінген азамат болып өседі.
Николай Гаврилович Чернышевский
24. Ата-аналар балаларына сыйлы болуға тиіс. Бірақ сый-сипат сүйіспеншіліктен туындауы қажет...
Виссарион Григорьевич Белинский
25. Ата-ананың ақылы - қазулы қара жолмен тең.
Дулат Бабатайұлы
26. Анасыз бала болмайды.
Ілияс Есенберлин
27. Әйелдер адамды бесігінен бастап баулиды... Өмірдің іргетасы солардың қолдарымен қаланады.
Николай Иванович Пирогов
28. Әйелдің өз перзентін үйретіп, өсіруге ұмтылуы қанында бар және оған мұнымен бірге осыған сай қабілет бар.
Константин Дмитриевич Ушинский
29. адамдар - әрқашанда өз аналарының перзенттері. ана болмаса ақын да, батыр да болмайды.
Максим Горький
30. Ана көрегендігінің теңдесі жоқ.
Оноре де Бальзак