Отбасы күнін көңілді өткізіңіз!

Отбасы күнін көңілді өткізіңіз!

Бүгін - халықаралық отбасы күні. Күн сәрсенбі болса да, жұмысыңыздан ертерек босап, отбасы мүшелеріне көңіл бөлуге тырысып бағыңыз. Өйткені, отбасы - дүниедегі ең маңызды, ең құнды ұғым. Жұмысыңыз сізді үйде күліп қарсы алмайды, құшақтамайды және жылулық сыйламайды, қайғыңызды бөліспейді. Сондықтан, жылына бір рет келетін күнді бос өткізіп алмаңыз дегіміз келеді.

1. "Күн шыққанда күліп оян". Сүйікті жарыңыздың бас жағына ұнататын шоколадын немесе гүл шоғын қоюға болады. Немесе көптен бері армандап жүрген асхана құралдарын сатып алып беріңіз. Бұл оны қуантады. Күйеуіңізге көптен бері дайындамаған сүйікті асын әзірлеңіз. Ортақ мереке болғандықтан дастархан әзірлеуге барлық мүшелердің қатысқаны дұрыс. Әлдеқайда қызықтырақ болатындығына сенімдіміз. Әлі де кеш емес. Кешкі асқа үлгеруге әбден болады.

2. "Сыйға - сый...". Мереке болған соң, міндетті түрде тарту етілетін сыйлықтар да болады. Сіздің де  дәл осы күні жарыңызға, ата-анаңызға, перзентіңізге, бауырларыңызға сыйлық жасап, қуаныш сыйлау мүмкіндігіңіз бар. Егер сіздің атаңыз не әжеңіз болса, оларға ескі суреттері жинақталып салынған фотоальбом сыйлаңыз. Көне көзді адамдар ескі суреттерге қарап, өткенді еске алғанды ұнатады. Немесе  ол кісілердің заманынан көрініс беретін ескі әндер жазылған үнтаспа сыйлаңыз. Отбасыңыздың барлық мүшелері түскен әдемі суретті үлкен рамаға салып сыйласаңыз, барлығы да дән риза болмақ. Және жанұяңыздың мүшелерінің суреті бейнеленген шыныаяқтар немесе тарелкалар ұсынуға да болады.

3. "Мерекем - жанға жайлы шуағым...". Бір ғана кешкі ас мерекенің сәнін аша алмайды. Сондықтан көңіл-күйге лайықты әуендер, қызықты ойындар мен конкурстар ойлап табу керек. Жанұяңызда балабақшаға баратын бөбектер болса тақпақтарын тыңдаңыз, тәттілер үлестіріңіз.

4. "Бірге өткен күннің бәрі аңыз...". Мерекелік дастарханнан кейін серуенге аттансаңыз артық емес. Немесе театрға, кинотеатрға, циркке бас сұғыңыздар. Бүгін М. Әуезов атындағы Мемлекеттік Академиялық Театрынан "Шәкәрім" қойылымын, Ғ. Мүсірепов театрынан "Күшік күйеу" қойылымдарын тамашалау мүмкіндігі бар. Қазақстандық кинотеатрлар ұсынып жатқан "Шутки в сторону", "Идеальный голос", "Вспоминая 1942", "Безопасность не гарантируется", "Призраки в Коннектикуте 2: Тени прошлого" атты фильмдерге қалай қарайсыз? 

5. "Отбасы - ошақ қасы". Өкінішке орай, көптеген адамдар отбасын құшу бақытынан мақұрұм қалуда. Сол адамдарды ұмытпаңыз, материалды түрде емес, рухани көмек көрсетуге де болады. Бұл отбасының қадірін түсінуге аса қажет. Бауырмалдық құшақ, жылы күлкі, шынайы сөздер - ол адамдардың армандайтын құндылықтары екенін біліңіз.

Отбасы мүшелерімен естелік суретке түсуді ұмытпаңыздар! Мереке күні жиналған суреттерден альбом жасауды дәстүрге айналдыруға болады.

Отбасыңыз аман болсын!

 

Суреттер:yk-news.kz,vk.com

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева