Шаңырақ көтеріп, отбасын құрғаннан кейін бәрінің де ортақ болатынын ұмытпаңыз. Сіз енді бұрынғыдай жалғыз емессіз. Демек, тапқан ақшаңызды бұрынғыдай өз білгеніңізше оңды-солды жұмсау енді жоқ.
Үй болып, болашаққа бірге ұмтылған соң «сенікі, менікі» деген жоқ. Десе де, «Отбасы бюджеті кімнің қолында болуы керек?» деген сұрақ көптеген жас отбасыларының кездесіп жататын алғашқы мәселелерінің бірі саналады. Ендеше, осы сұрақтың жауабын қарастырып көрейік.
Кейбір жастар, өкінішке қарай, «Ақша кімнің қолында болса, билік те соныкі» деп ойлайды. Сондықтан өз «беделін» түсірмеуге тырысады. Ал енді біреулері «Кім ақшаны көп тапса, сол ұстауы керек» деген ойда. Сол себепті де өзінің тапқанын біреудің қолына ұстатып қоюға құлықты емес. Міне, осындай шала ойлардың салдарынан үйленбей жатып, жолдары екі айырылатын жастар жиі кездеседі.Ғасырлар бойы үйдің асыраушысы – ер адам, ал ерінің тауып әкелгенін ұқсатып, іске асырушы, жаратушы – әйел адам деген түсінік қалыптасты. Солай болды да. «Ер адам – түздікі, әйел адам – үйдікі» деген сөз бекер айтылмаса керек.
Әкелеріміздің ай сайынғы жалақысын алған күні-ақ шешеміздің қолына әкеліп тапсыратынын кішкентайымыздан көріп өстік. Сонша жыл бірге тұрғандықтан, ол кісілердің, әрине, бұл істе тәжірибесі бар. Базар-дүкен аралап, азық-түлікті қайдан сатып алатынын, бір айға телефон, электр мен газ, судың қанша шыққанын есептеп, коммуналдық төлемдерді қайда төлейтінін, күнделікті тұрмыста қолданылатын заттардың қайсысының бітіп қалғанын, қайсысын сатып алу керектігін, балалардың киім-кешегі мен оқу құралдарына қанша ақша қажеттігін анамыз жақсы біледі. Өйткені, күнделікті осы іспен айналысып – тамақ дайындап, үйдің тіршілігіне қарап отырған сол кісі. Жақындардың туған күні мен өзге де мерекелерде сыйлық дайындайтын да сол кісі. Тіпті әр жалақыдан кішкене бөлігін «тығып» жинап отырып, үйге тұрмыстық техника мен қымбат жиһаздарды да еш қиындықсыз алып алатын анамыз. Ендеше, ақшаның анамыздың қолында болғаны дұрыс екен. Ал жағдайды керісінше елестетіп көрейікші. Жоғарыда айтқанымыздай, «Ақша кімнің қолында болса, билік те соныкі» немесе «Ақшаны кім көп тапса, сол ұстауы керек» деген қағидамен әкеміз керек-жарақтың тізімін жасап алып, базар аралап, азық-түлік, балалары мен әйеліне киім-кешек алып, үйге келіп, тамақ жасап тұрса. Осы еркек адамға жарасатын іс пе? Әрине, бұл мәселеде әркімнің ойы әртүрлі болуы мүмкін. Біреулер үшін дұрыс емес, ал енді біреулер үшін бұл – қалыпты жағдай. Сондықтан «Отбасы бюджеті кімнің қолында болуы керек?» деген сұрақтың жауабы да әртүрлі болмақ. Ендеше, жоғарыда келтірілген мысалмен қатар осы сұрақтың бүгінгі қоғам – қазіргі жағдайға байланысты бірнеше жауап нұсқаларын да келтіре кетейік.
«Әйел заты болған соң да ақша сенің қолыңда болуы керек» немесе «Ақшаны көп тауып жатқан сенсің, яғни ол сенде болуы керек» деген құрбыларыңыздың да, «Сен баламен үйде отырғанда ақшаны ұлым тауып жатыр. Демек, оны қайда жұмсайтынын да өзі білуі керек» деген енеңіздің де сөзін тыңдаудың қажеті жоқ. Одан да сүйіктіңізбен ақылдасып, отбасы бюджетінің кімнің қолында болуы керектігін ақылмен шешіңіздер. Ақша – билік те, мансап та емес. Ол – екеуіңізге ортақ. Ал бірінші кезекте отбасы, бірге болу мәселесі екенін ұмытпаңыздар.
Тіпті болмай бара жатса, ақшаны бір ай сіз, келесі айда ол ұстап көрсін. Кім қалай жаратты, қандай шығындар болды? Осындай мәселелерге қарай отырып, ақшаны кімнің ұстағаны тиімді екеніне көз жеткізіңіздер. Осылайша, «Отбасы бюджеті кімнің қолында болуы керек?» деген сұраққа жауапты оңай таба аласыздар.
Не болмаса, бар ақшаны үшке бөлуді үйреніңіздер. Екі бөлігі екеуіңіздің қалталарыңызда болсын, ал үшіншісі – негізгі бөлігі. Ол азық-түлік, коммуналдық төлемдер, күнделікті керек-жараққа жұмсалатын ортақ ақша болады. Ал өздеріңіздегі ақшаны қалауларыңызша жұмсай аласыздар. Керек-жарағыңызды, косметикаларыңызды алып сіз де мәз, футбол көріп, достарымен қыдырып ол да мәз.
Қаржыгерден кеңес:
– Отбасы бюджеті ақша ұстай алатын адамның қолында болғаны дұрыс.
– Кез келген көлемді, қымбат заттарды ақылдаса отырып алған жөн.
– Отбасы бюджеті екеуіңізге ортақ ақша екенін ұмытпай, барынша ұқыпты ұстауды үйреніңіз.
Дереккөз: anabol.kz