Онлайн-банкинг қолданушыларына кеңестер

Онлайн-банкинг ыңғайлы, қолданысы оңай жаңа қызметтердің бірі. Орныңыздан тұрмай-ақ коммуналды қызметтер мен кредиттерді, телефон шоты мен басқа да қажетті төлемдерді жасай аласыз. Алайда қызметтің оңайлығы сіздің шотыңызды басқалардың да қолдануына мүмкіндік береді. "Сақтанғанды Құдай сақтайды" демекші, хакерлерден сақтанып, ақшаңыздан құр қалмаңыз.

Пароліңізді ауыстырыңыз

Біреудің қол сұғушылығынан сақтанудың бұл әдісі баршаға таныс. Осы кеңесті тыңдап, пароліңізді жиі ауыстырып отырыңыз. "12345", сіздің туған күніңіз, телефон нөміріңіз қауіпсіз пароль бола алмайды. Бірнеше символды қызық атау мен сөз ойлап тауып, ешкімге айтпауға тырысыңыз.

Мұқият болыңыз

Өзінен-өзі ашылып кетіп, қосымша карточканың нөмірі мен пароліңізді сұраған терезелерге сенбеңіз. Ашылған әр терезенің мекен-жай жолағына назар аударыңыз. Онлайн-банкингтің шын сайттарында http https деген жазуға ауысып, шетінде кілт белгісі пайда болады. Бұндай парақша сіздің мәліметтеріңізді қорғайды.

Күмәнді сілтемелерге өтпеңіз

Поштаңызға банктан ұсыныс пен хаттар келе ме? Есіңізде болсын, банк ешқашан электронды поштаға маңызды ақпараттар жібермейді. Тіпті хат ресми жазылып, іші банктын логотиптары мен мөрлеріне толы болса да, сілтемемен өтпеңіз. Хатқа сеніп тұрсаңыз, банкке қоңырау шалып, банк мамандарымен ақылдасыңыз.

Үйде отырыңыз

Егер сізге ақшаны басқа шотқа аудару не төлем жасау керек болса, оны үйдегі компьютерден жасаған жөн. Көшедегі компьютерлік клубтар мен мейрамханалардағы wi-fi желісіне сене бермеңіз. Қоғамдық жерлер хакерлердің қарауында болады.

Шет елде онлайн-банкинг қызметін қолданбаңыз

Шет елге демалысқа не іссапармен аттанар алдында онлайн-банкингті уақытша жауып кетіңіз. Шет елде онлайн-банкингтің аса қажеті болмайды, ал ол жерлердің маманданған хакер-ұрылары сізді тез-ақ алдай алады. 

Антивирус орнатыңыз

Заманауи антивирус жүйелері компьютерді қорғап қана қоймай, танымал онлайн-банкинг жүйелерінде қауіпсіз жұмыс жасауға көмектеседі. Аса маңызды төлемдерді жасау үшін арнайы қауіпсіз терезе ашып, виртуалды клавиатура қолданса болады. Сондай-ақ антивирусты жаңартып тұру әдетке айналуы керек. 

Ал сіз онлайн-банкинг қолданасыз ба? Өзіңізді хакерлерден қалай сақтайсыз?

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: forbes.ru