- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Оңай ма емдеу...
Оңай ма емдеу жүректі, қалдырса ауыр жарасын?..
...Хабарласпай кеткенің дұрыс болды,
Көңілі таңғы судай салқындасын деген шығарсың!
Күләш Ахметова
Өмір – қуанышы мен қайғысы қатар жүретін қойылым. Бірде шаттанып қуантса, ертең жылатып, берген нәрсесін қайтарып алуы мүмкін. Алайда өмірдегі бар құбылысқа әрдайым тағдырды кінәлаудың қажеті жоқ.
Көп қыздарымыз, сүйіктісімен ажырасқан сәтте барлығын кінәлап, бар әлемді жек көріп кетеді. Депрессияға бой алдырады. Оның қасында болмайтынына сенгісі келмей, өзгені кінәлауды жөн көреді. Өткен-кеткенді есіне түсіріп, уайымға салынатыны тағы бар. Бар планетаны сол жігіт деп елестетіп, ештеңені елемей, өз өмірін өзі қара түнекке айналдырады. Бұл әрине, қалыпты құбылыс емес. Бар уақыты үй телефонының жанынан шықпай, минут сайын ұялы телефонның экранына түңілумен өтетін кездер аз емес. Тіпті, бөлмесінен шықпай, қамалып, адамдармен араласуды қоятындар көп. Күні-түні төсекте жатып, қызықты шақтарын еске алып, сары уайымға салынады. Әрине, сеніп үміт артқан жігітпен айырылысу қиын. Алайда, қандай қиындық басыңызды шалса да, оған төтеп беру тек сіздің қолыңызда. Егер екеуара осындай шешімге келсеңіздер, оған жылап, қаймығудың қажеті қанша? Мүмкін бұл шешім өміріңіздің жаңа бастамасы шығар? Бірақ сіз барлығына жат боп шыға келуіңіздің кесірінен достарыңыз бен туыстарыңыздың көңілін қалдыруыңыз мүмкін. Сондықтан осындай қиын күндерді жеңе білу үшін, мынадай кеңестер топтамасын ұсынамыз:
* Уақыт қашанда емші. Қай мәселені болмасын шешетін – уақыт. Психологтардың айтуынша, қандай да бір қайғыны жеңу үшін 2 жыл көлемінде уақыт керек екен. Адам уақыт өте өседі, биіктейді, деңгейін анықтайды. Мүмкін уақытты артқа тастап, оның саған адал жар бола алмайтынын түсінерсің?
* Сіз өзіңізді жегідей жеу арқылы рухани әлсіз адамға айналдыңыз. Сондықтан сізге жағымды атмосфера мен көңілді орта қажет. Достарыңызбен көбірек тілдесіп, қажет болса, болған жайтты психологтармен бөлісіп, ақыл-кеңес сұраңыз.
* Түрлі тақырыптағы кітаптар оқыңыз. Фильм көріңіз. Ойыңызды алдандырыңыз. Көңіліңізді басқа нәрсеге бөліңіз. Кітап кейіпкелері мен фильмдегі актерлердің тағдыры туралы ойлаңыз. Дұрысын, бұрысын іштей саралап отырыңыз.
* Жұмыс басты болудың қажеті жоқ. Сіздің басыңызды сан түрлі ойлар мазалап жатқан кезде, ісіңіз өнбейді. Керісінше нені қайда қойғаныңызды білмей, басыңыз қатады. Сондықтан сізді қызықтырып жүрген жобалармен жұмыс жасаудың уақыты келген сияқты. Мысалы, түрлі фототүсірілімдер. Табиғаттағы немесе көпшілік жердегі түсірілімдер.
* Әлсіздік танытудың қажеті жоқ. Құрбыларыңызбен оңаша жерде әңгіме-дүкен құрып, би кешіне барған дұрыс. Алайда қыздардың дені ащы судан ұрттап алып, өз қадірін кетіреді. Параллель өмір сүретін бір жан үшін, денсаулығыңызды құртуға міндетті емессіз. Сондықтан абай болыңыз!
* Өмірге жаңашылдық енгізу! Мүмкіндігінше үйдің жиһаздарын өзгертіп, қараңғы түстен арылыңыз. Жасыл түсті картиналар іліп қойсаңыз артық болмайды. Немесе өзіңіз батпай жүрген бір істі қолға алыңыз. Шашыңызды сәнді етіп қиып, түрлі киімдер алсаңыз да болады. Тіпті мүмкіндік болса, саяхатқа шыққан дұрыс.
* Ең бастысы бар назыңыз бен ренішіңізді босатыңыз. Барлық естеліктерді сізден бас тартқан адам өзімен алып кетсін. Міндетті түрде оны кешіріңіз. Сонда ғана сізге жаңа өмірдің есігі ашылады. Ванна немесе душ қабылдаған сәтте жаныңызды жабырқатқан бар өкінішіңіз бен ренішіңізді шығарып, тәніңіз бен бірге жаныңызды да тазартыңыз!
* Егер нақты ажырасуға бел бусаңыз оны еске түсіретін заттарды тығып қойыңыз. Өз қолыңыздан келмесе, әпкеңізге, анаңызға айтыңыз. Бірақ оны жағып, лақтырып, сындырудың қажеті жоқ. Ол сіздің өміріңіздің бір тарауы. Түскен суреттер, берілген сыйлықтар – жастығыңыздың куәсі. Оны да бағалай білу керек.
Н. Айдархан