- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Өмірдің тойы, көңілдің...
Өмірдің тойы, көңілдің тойы - үйлену... ІV бөлім
"...Адамның бір қызығы - бала деген..."
(Абай)
Жалғасы...
Осыған дейін Массагет оқырмандарына жар таңдау, қыз ұзату, үйлену, келін түсіру салттары туралы баяндаған болсақ, бүгінгі жазбамызды ақ босаға аттап, келін атанатын нәзік жандыларға арнағалы отырмыз.
Екі жастың бас қосып, отау тіккеннен кейінгі тілейтіні – балалы-шағалы болу, артынан ұрпақ қалдыру. Егер жанған оты сөніп, артында түтінін түтететін тұяқ қалмаса, кімге де болсын үлкен қайғы-қасірет. Сондықтан да «Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» делінген.
Қамқор ене әдетте келін түскен кезде-ақ ұл немерелі болу үшін оған ырымдап алғаш сойылған малдың ұлтабарын жегізеді. Ал әйел жүкті болса, біреудің үйіне өз дастарқанынан апарған дәмді «қыз тауып қоям» деп жемейді. Ауылдағы тәжірибелі әйелдер келін бойындағы сол өзгерістен-ақ оның жүкті болғанын сезе қояды. Олар «келіннің құрсағы» ақ айранға толыпты, ақ алғысты болыпты» деп енесіне тұспалдап жеткізеді. «Келінді атамыздың аруағы біліп, қолдап жүрсін» деп ауылдағы үлкен үйдің керегесіне ақ орамал таңады, осы «керегеге орамал таңу» ырымынан кейін келіннің жүкті екенін бүкіл ауыл біледі.
Егер жас келіншектің асқа тәбеті шаппай, жиі-жиі лоқсып, құсып жүргенін байқаса, оны қазақтар «жерік болу» деп атайды. Осы кезде оның әлдебір асқа ықыласы, тәбеті ерекше ауады да тұрады. Енесі ауыл әйелдерін шақырып қонақ етеді. Осы кішігірім той «құрсақ шашу» делінеді. Бұл томалаққа жиналған тәжірибелі аналар өз үйлерінен бір-бір дәм пісіріп әкеледі. Оның себебі – келіннің жерік болып жүрген асын тауып беру. Егер осы асы таптырмаса, яки «жерігі қанбаса», ол босанғанша ішкен асын құсумен болады, тамағы бойына сіңбейді. Мұны халық «ит жерік» болу дейді. Ит жерік болып дүниеге келген сәбидің ес жиғанша сілекейі аққыш болады. Жолбарыстың жүрегіне, аюдың етіне, бүркіттің миына жерік болған әйелдерден болашақ алып тұлғалар, ерен ойшылдар туатыны туралы көптеген аңыздар ел ішінде әлі күнге дейін сақталған.
Енесі жүкті әйелдің мезгілімен тамақтануына баса көңіл бөледі, оған көбінесе ақтан жасалған тағамдар береді. Жаздыгүні келіннің тәбетін ашу үшін жуа әкеліп жегізген. «Іштегі бала шымыр болсын» деген ниетпен келінге сағыз шайнатады. Судың бұрын иірім болған орнын тауып, осы жерден саздың иісі шығатын қайырым топырағын үйге әкеліп қояды да, «баланың сүйегінің қалыптасуына керек, кейін бөпең бор іздемейді»деп мөлшерлеп жегізіп отырады. Халық түсінігі бойынша, ақ ірімшік жеген әйелдің баласының сүйегі бос, ал қызыл ірімшік жеген ананың сәбиінің сүйегі берік болады.
Парасатты ене мен қамқор жар болашақ ананың әрқашан көтеріңкі көңіл-күйде жүруін қадағалайды, әзіл әңгімелермен күлдіріп отырады. Арасында «келін көңілі» деп аталатын жастардың қызықты бас қосуын ұйымдастырып, келініне жиі – жиі ән-күй тыңдатқызады. "Халықта екіқабат әйел жыласа, оның баласы жасық болып туылады» деген түсінік қалыптасқан. Соны ескеріп, шошынбас үшін қайғылы хабар болса, қашан аман-есен босанғанша, естіртпеуге тырысады. Мезгілімен ұйықтатып, таза ауада мейлінше жиі болып, сергек жүруін қадағалайды.
Әйелдің жүкті кезінде ескерілетін түсінікке негізделген мынадай ырымдар бар:
- итке «кет» деуге болмайды, бұл толғақты ауырлатуы мүмкін;
- арқан есуге болмайды, әйел босанар үстінде бала кіндігіне оралып қалуы мүмкін;
- тең буып қаптың аузын жабуға рұқсат берілмейді, керісінше жабулы заттарды ашуға, буулы нәрселерді шешуге болады;
- түйе етін жеуге болмайды, бұлай етсе, жүкті келіншек баласын 9 ай емес, 12 ай көтеруі мүмкін. Бұл ырымдардың барлығының да түп-төркіні көне наным-түсінікке барып тіреледі.
Босануына үш ай қалған кезде «ұзын толғақ» басталады. Бұл уақытта көргені көп аналар «бөпең айдай сұлу болсын» деп айлы түнде келінін көлге шомылдырады. Ай сұлу болғанымен қызуы жоқ, сондықтан шомылған судың жағасынан шөп жұлып әкеліп, үйіндегі жанған ошаққа тастайды.
Босануына екі ай қалған кезде «орта толғақ» басталады. «Босану уақыты мезгілінен бұрын болып қалмасын» деп келіннің қолына кескіш, тескіш құралдарды (ара, біз, пышақ т.б) ұстатпайды.
Жүкті әйелдің босануына бір ай қалғанда оның «ай толғағы» басталады. Бұл кезде «іштегі баланың еті қызылданып кетеді» деп келініне жас ет ұстатпайды, «кіндігіне оралып қалмасын» деп ине-жіппен іс тіккізбейді, «түсік тастайды» деп жүресінен отырғызбайды.
Жалғасы бар...
Суреттер: facebook.com
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева