Кейде үй емес, өзіміздің бөлмемізді жинап шығу қиын іс болып көрінеді. Бөлменің іші лас болатыны сонша, неден бастайтынымызды білмей қаламыз. Әсіресе сабақ пен ойыннан қолы тимейтін оқушы балалар. Ал кейбір оқушылар керісінше бөлмесін өте таза ұстайды. Бүгінгі мақаламызда үйді жылдам әрі оңай жинауға көмектесетін бірнеше кеңестерімізбен бөлісеміз.
1. Үй жинауды ойынға айналдырыңыз
Бөлмеңізді жинауға қиналсаңыз, оны ойынға айналдырыңыз. Ең алдымен 10 минут ішінде не істей алатындығыңызды ойланып көріңіз. Артынша ол рекордты өзгертуге тырысыңыз. Нәтижесінде өзіңізге кішігірім сыйлық жасаңыз. Сыйлық тәтті кәмпит немесе 5 минуттық демалыс болуы мүмкін. (Ойынның бұдан өзге де түрлері бар).
2. Шабыттандыру
- Жылдам ырғақты музыка тыңдап жүріп жинаңыз. Үй тазалауды бастамас бұрын өзіңіздің ең сүйікті әуендеріңіз жинақталған дискіні қосыңыз. Орнына ұялы телефоныңыздағы жақсы көретін әуендеріңізді пайдалануыңызға болады. Немесе жәй ғана радионы қолданыңыз. Жайлы әуендерді ысырып қойыңыз. Олар көңіл-күйді түсіріп, адамды шаршатады.
- Музыка көмектеспеген жағдайда, аудиокітаптарды қосыңыз. Сіздің мақсатыңыз - жылдам үй жинау болғандықтан, көңіліңізді басқа арнаға бұратын әуендерден аулақ болыңыз.
3. Жарыққа назар аударыңыз
Пердені ашып аспандағы жарық күнге қараңыз. Артынша терезені ашып, бөлмеге таза ауа кіргізіңіз.
4. Үй жинаудың жоспарын құру
- Бөлме ішінде шалынып қалмас үшін еденде жатқан заттарды алыңыз. Бірінші жастық, кітап секілді үлкен заттарды орнына қойыңыз, артынша қарындаш секілді майда заттарға кірісіңіз.
- Таза киімдерді шкафқа іліп, кір киімдерді кір жуатын машинаға салыңыз.
5. Төсегіңіздің астын және тартпасын тазалаңыз. Ол жерден өзіңіз жоғалтып алдым деп жүрген заттарды тауып алуыңыз мүмкін.
- Заттарыңызды екі бөлікке бөліңіз. Қажетсіз бөліктегі заттарды бауырларыңызға сыйлаңыз немесе қоқысқа лақтырыңыз. Ал екінші бөліктегілерді орнына жайғастырыңыз. Бөлме ішіндегі басқа жиһаздардың астын тексеріңіз. Әдетте қонаққа келген кішкене балалар кәмпиттің қағазын тастап кетуі мүмкін.
- Енді бөлме ішінен жинап алған қоқыстарды лақтырыңыз. Оларға мұқият қарап алыңыз. Арасында өзіңізге керекті заттар да кетіп қалуы мүмкін.
- Керек емес заттарыңызды кімге беретініңізді ойланыңыз. Ойланғанша есіктен шығарып қоя тұрыңыз.
- Ал қажетті заттарды төсектің үстіне қойыңыз. Бұл еркін жүруге көмектеседі.
6. Төсектің үстіндегі заттарды орнына салыңыз. Бірінші киімдерден бастап, заттармен аяқтаңыз. Кітапты сөреге қоя салудың орнына сөрені де жинастырып кетіп жүрмеңіз. Бұл уақытыңызды шығындайды. Бірінші қиын жұмыстарды бітіріп алған жөн.
- Әрине, оны да артынша жинаймын ғой деп ойлағаныңыз анық. Алайда жұмысты осылайша бөлу арқылы жеңілдетесіз. Үлкен жұмыстарды бітіріп алған соң майдасына кірісуіңізге болады.
- Жаңа заттарға орын табыңыз. Сыймаған жағдайда ата-анаңыздан көмек сұраңыз.
- Кесе, қасық сынды басқа бөлменің заттарын тауып алсаңыз, оларды бірден орнына апарып қойыңыз. Уақытты үнемдеу үшін олардың барлығын жиған соң ғана алып барыңыз.
7. Төсек орныңызды жинаңыз. Көрпе жастығыңызды далаға бір рет қағып келіңіз. Көрпе-жастықтың тысын екі аптада бір рет ауыстырып отыру керектігін ұмытпаңыз. Қажет болса үй жинамас бұрын жаңасын сатып алыңыз. Оны жиі ауыстырып тұратындықтан, қымбатын алудың қажеті болмайды. Кейде төсектің жиналмауы бөлменің сәнін бұзуы мүмкін.
- Кірлеген көрпе-жастығыңызды кір жуатын машинаға салыңыз. Бірден жуып қойсаңыз, келесі жолы ауыстыруға оңай болады.
8. Тазалық
Бөлменің шаңын және қуысқа жиналып қалған өрмекшінің торын сүртіп шығыңыз. Үстелдің үсті мен кітап сөресін де ұмытпаңыз. Арнайы тазартқыш құралдарды міндетті түрде пайдаланыңыз.
- Терезені жуыңыз. Терезеде майда талшықтар қалмас үшін мақта матаны қолданыңыз;
- Кілемді шаңсорғышпен тазалаңыз. Шаңсорғышты пайдаланбас бұрын кілемнің үстіне хош иіс сыйлайтын құрал сеуіп шығыңыз. Арнайы кілемге арналған дезодаранттарды пайдалануыңызға болады;
- Кілеміңіз жоқ болса, еденді жуыңыз;
- Есіктің тұтқасын ұмытпаңыз;
- Әсіресе сабақ оқитын үстеліңіздің үстін ретке келтіріп отырыңыз. Реттелген заттар шабыт сыйлайды.
9. Өзге жерлерді де жинастырыңыз. Уақытыңыз көп болған жағдайда жоғарыда айтқан майда жұмыстармен айналысуыңызға болады. Яғни әрбір заттың шаңын сүртіп, керек еместерін қоқысқа тастаңыз.
- Көптен бері кимеген киімдеріңізді киіп көріңіз, тура болмаса біреуге сыйлаңыз;
- Тартпалардың аузының дұрыс жабылғандығына мән беріңіз;
10. Арасында демалып алыңыз. Аз демалып, жеңіл тамақтанып алыңыз. Қатты шаршап кетсеңіз, үй жинауға деген қызығушылығыңыз төмендеп кетуі мүмкін. Демалысыңыз 5-10 минуттан аспасын.
11. Кітаптарды көлеміне қарай орналастырыңыз. Жерде тұрған кітаптар да әдемі болып көрінуі тиіс.
- Сөредегі заттарыңыз жинақы болсын;
- Қажет кітабыңызды жылдам табу үшін әліпби ретімен орналастырыңыз.
12. Өзге заттарды ретке келтіріңіз. Барлығын реттеп болған соң, бөлмеңізді сәндеуге кірісіңіз.
- Бөлмеңізге жаңа өзгеріс енгізіңіз. Ол жаңа шкаф, киім ілгіш болуы мүмкін немесе жиһаздардың орнын ауыстырыңыз.
13. Ең соңында
- Жиналған қоқысты сыртқа шығарыңыз;
- Біреуге беретін заттарды ұмытып кетпес үшін бір жерге қойыңыз.
14. Бөлмеңізді жинастырып болған соң өзіңізге сый жасаңыз! Сүйікті ісіңізбен айналысыңыз немесе таза бөлмеңізде жатып демалыңыз. Бөлмеңізді ретке келтірген соң бұдан кейін де таза ұстауға тырысыңыз. Әрдайым алған заттарыңызды орнына қойыңыз. Тазалықты әдетке айналдырыңыз. Бұл әдетіңіз бөлменіңізді кейде ғана жинауға көмектеседі.
Қосымша кеңестер:
- Үйді үнемі жинауды әдетке айнадырмаңыз. Орнына бөлмені шашпауға тырысыңыз;
- Бірінші кезекте өзге заттарды үстіне қою үшін төсектің үстін жинап қойыңыз;
- Жеңіл киініңіз;
- Хош иіс сыйлайтын құралдарды көбірек пайдаланыңыз;
- Қанша уақытта жинап бітуіңіз керектігін алдын ала жоспарлаңыз;
- Таза бөлме күйзелістен арылтып, өзге істермен айналысуға шабыт сыйлайды;
- Бұдан кейін алған заттарыңызды орнына қойып отырыңыз.
Ал сіз бөлмеңізді қалай жинайсыз?
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: wikihow.com