- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Неліктен бала ойыншықтарды...
Неліктен бала ойыншықтарды сындырғанды жақсы көреді?
Балалардың көпшілігі ойыншықтармен ойнағанда оларды сындырғанды немесе бұзғанды жақсы көреді. Олардың бұл қылығының себебі неде?
Холерик балалардың ойыншықтары жиі сынады.
Сынған ойыншықтарды жиі холерик баланың бөлмесінен байқауға болады. Мұндай балалар қызу мінезді, алаңғасар және бір орында отыра алмайды. Олардың ойыншықтары өздігінен сынып қалады. Мысалы, бала жүгіріп келе жатырып, ойыншығын қолынан құлатып алады немесе ашуланып, байқамай лақтырып жібереді. Балаға ұрсудың немесе жазалаудың қажеті жоқ. Себебі оның мінезінің бұл ерекшелігін өзгерту мүмкін емес, алайда түзетуге болады. Холерик бала тек бәрін бүлдіреді деп қабылдамаңыз, мұндай балалар сондай-ақ талапкер, батыл, белсенді және табанды келеді. Оның энергиясын қажетті арнаға жіберу қажет және өз эмоцияларын басқаруды үйрету керек.
Сондай-ақ кейде балаға ойыншық қызық болмаса, ол оны сындырып көргісі келуі мүмкін. Мұндай кезде баланы алаңдатыңыз немесе ол ашуланғанға дейін тыныштандырыңыз: баланың көңіл күйін бақылап, құшақтаңыз. Мұндай балаларға пластилин немесе конструктор бермей-ақ, аулада жүгіріп, доп теуіп ойнағаны жақсы секілді көрінеді. Алайда баланы зейін қоюға және шыдамдылыққа үйрету маңызды. Ал оны үйретуге сурет салу, жабыстыру және үстел ойындары көмектеседі. Ең бірінші үстел ойындарынан, соның ішінде, үстел хоккейі немесе футболынан бастаған жөн. Себебі холерик баланы бірден зияткерлік ойынға отырығызып қою қиынға соғады.
Бала шаршаса, ойыншығын сындырады.
Кейде бала шаршағаннан немесе көңіл күйі болмағаннан ойыншығын сындырады. Баланың қатты шаршап қалмауын бақылаңыз, егер шаршай бастағанын байқасаңыз, артық шуы жоқ және көп қозғалысты қажет етпейтін ойындармен тыныштандырыңыз. Бала үйді айнала жүгіріп, ойыншықтарын лақтырса немесе диванда секіре берсе, бұл барлық кезде бірдей оның күшінің толып тұрғанын көрсетпейді. Себебі қатты шаршаған бала да өте белсенді болып кетеді.
Баланың ойыншығы оның жасына сай келмейді.
Баланың ойыншығы оның жасына сай келемесе, оған онымен ойнағаннан гөрі оны сындырған ұнауы мүмкін. Сондықтан баланың ойыншықтары да онымен бірге өсуі керек. Бала өскен сайын оған функциялық заттар керек. Ол қажет емес, зеріктірген машиналарды немесе сырғытқы ойыншықтарды сындырмайды, басқа ойын бастау үшін қайта құрады. Ойыншық бала қиялын дамыту керек. Бала ойыншықты өзі қозғалтып, өзі дыбыстап, өз сюжетіне қарай қолдана алу керек. Сондықтан дүкеннен ойыншық алған кезде дыбысы шығатын, билейтін, бір қалыпта ғана тұратын түрлерінен бас тартыңыз. Кейде дұрыс таңдалған ойыншық сындыру проблемасын шеше алады. Сондай-ақ балаға қалай ойнау керегін үйрету маңызды. Мысалы, ойыншықты тірілтуді, машиналарға арналған жолды жасауды, текшелерден үй құрастыруды және сюжетті ойынды ұйымдастыруды көрсетіңіз. Бала туа салысымен ойнауды біледі деп ойламаңыз. Ойын — қиялды, білімді және ептілікті қажет ететін жұмыстың бірі.
Қарапайым қызығушылық — сындырудың бір себебі.
Баланың әлемді тануы — қалыпты және дұрыс құбылыс. Танығысы келу арқылы ғана жаңа нәрсе ашуға болады. Қызыққұмар балаға конструктор ойыншықтар ұсынған жөн. Балалар бөлшектеп ыдыратып, қайта жинағанды жақсы көреді. Мысалы, арнайы құралдармен бірнеше бөліктерге бөлшектейтін машиналар бар.
Сапасыз ойыншық алмаңыз!
Кей ойыншықтардың өздігінен сынып қалатыны рас. Бала машинаны бір жүргізгеннен сынып қалса, бұл сіз ойламаған бірнеше проблемаға әкелуі мүмкін. Біріншіден, баланың көңіл күйі түседі. Екіншіден, бала ойыншықтың сынуына біртіндеп үйреніп кетеді. Содан соң ол сынған ойыншықты оңай лақтыра салып, басқасын сұрайтын болады. Яғни, ол бұдан кейін заттарды бағаламайды. Үшіншіден, бала ұқыптылыққа үйренбейді. Ол қанша тырыссам да, ойыншық бәрібір сынады деп ойлайды. Сапасыз ойыншықтарды жөндеу де мүмкін емес. Мүмкін болса, сынған ойыншықты баламен бірге жөндеп, жыртылған кітап парағын қайта желімдеген жөн.
Кей балалар ойыншықты сындыру арқылы наразылық білдіреді.
Кейде балалар ойыншықты сыйлыққа берген адамға өз қатынасын оны сындыру арқылы көрсетуі мүмкін. Бұл жерде маңызды отбасылық сұрақтарды шешу керек және қарым-қатынасты жылдам реттеуді қажет етеді. Мүмкін балаға жаңа ойыншықтар емес, сіздің назарыңыз бен қамқорлығыңыз қажет шығар?!
А. Жапатова