Нәрестенің терісі өте нәзік әрі жұқа болғандықтан оған ерекше күтім қажет. Сондықтан да балапандардың әрбір дене мүшесіне мұқият болған жөн. Бала терісін тым құрғақ етіп ұстауға да болмайды. Сол себепті бөбегіңіздің терісіне аса мән беретін дене мүшелері жайында сөз қозғаймыз.
Құлақ
Балаңызды шомылдырған кезіңізде құлағын аса сақтықпен жуыңыз. Құлақтың ішіне кірген суды үлкендердің құлағын тазалағандай етіп құрғатып сүрте алмайсыз. Сондықтан да құлағына кішкене мақта немесе дәке қойсаңыз болады. Құлаққа кірген су құрғамаса, соңы құлақтың суықтауына алып келеді. Педиатр мамандары емізулі баланың құлағын тазаламауға кеңес береді. Өйткені бала емген сайын жақ сүйегі қимылдап, құлақтағы артық заттарды өзі-ақ шығарып тастайды. Ал аптасына 1 рет құлағының айналасын мақта оралған жіңішке таяқшамен тазалап шығыңыз.
Көз
Бөбегіңіз ұйқысынан оянған кезде көзінің айналасы жасаурап немесе былшықтанып тұруы мүмкін. Мұндай жағдайда ешқандай медициналық сұйықтыққа жүгінудің қажеті жоқ. Көзіне сүтіңізді тамызыңыз немесе дәкені жылы суға малып алып сүртсеңіз, тазарып шыға келеді. Есіңізде болсын, оны қолыңызбен сүрте саламын десеңіз, ол одан сайын көбейіп, асқынып кетуі мүмкін.
Ауыз
Нәрестенің тіліне, аузына аса мән берген жөн. Аптасына 1 рет қолыңызға дәке орап, жылы суға салып аузының айналасын, тілін сүртіңіз. Тіліндегі, аузындағы ағарғаннан арылтпасаңыз, оның соңы ауыздың уылуына әкеліп соғады. Көп аналар бұл мәселеге аса мән бере бермейді, алайда балаға ең алдымен инфекциялық аурулар осы тілі арқылы жұғады. Сол себепті баланың тілін таза ұстауға тырысыңыз.
Мұрын
Нәрестенің мұрнынан ағатын сұйық суды үнемі жұмсақ матамен сүртіңіз. «Мұрны аға берсін, ақылды болады» деген жаңсақ пікірден аулақ болыңыз. Егер де оны дер кезінде тоқтатпасаңыз, аллергиялық аурулардың өршуіне әкеліп соғады. Жай ғана үйіңізде шаң көтерілсе, бала міндетті түрде түшкіреді. Тіпті түшкірген бөбегіңіздің мұрнының айналасын 1 рет сүртіп қоюға ерінбеңіз. Сонымен қатар, мұрнының ішіндегі қатып қалған кірді шұқылап тазалауға әрекеттенбеңіз. Егер мұрын тесігін шұқылай берсеңіз, болашақта бөбегіңіз иіс сезбейтін жағдайға душар болады. Бұл үшін қарапайым мұрын тесігіне кішкене сүтіңізді сауып жіберсеңіз, өзі-ақ жібіп шығады. Оны мұрынтартқышқа жылы су құйып, тартып шығарасыз.
Қол
Балаңыздың қол-аяғына массажды қимылдар жасауды әдетке айналдырыңыз. Бала сылап-сипаумен өседі. Сонымен қатар қол-аяғының тырнағына мұқият болыңыз. Мүмкіндігінше бесікте жатқанда алуға тырысыңыз. Өйткені бала артық қимыл жасамай, сізге кедергі келтірмейді. Абайсызда қимылдап қалса, бір жерін тіліп алуыңыз мүмкін.
Дене
Көпшілік аналар баланың терісіне лосьон немесе арнайы опа жағады. Мұны мүмкіндігінше қолданбауға тырысыңыз. Себебі әрбір баланың өзіне тән иісі болады. Сіз сол иісті арзан дүниелермен жоғалтып алып алмаңыз. Таза деген өнімнің өзінде кішкене де болса қоспалар болады. Бұл кейде аллергия беріп те жатады. Балаңыз кіші не үлкен дәретке отырса, оны міндетті түрде жылы сумен жуыңыз. Себебі мұның арты қызарып бөртуге алып келеді. Ал үшкіл жаялықтан (подгузник) аллергия берсе, онда алдымен 65% кір сабынмен тазалап жуып құрғатыңыз да қызыл маймен майлаңыз. Аздап желдетіп алып, арнайы ұнтақты (присыпка) шашыңыз. Сонымен қатар аптасына 1 рет сутек тотығымен (перекись водорода), ал аптасына 2-3 рет қырмызы (календула) тұнбасымен жуып тұрыңыз.