- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Нәресте күтімі...
Нәресте күтімі
Өмірге жаңа келген нәрестені үйі асыға күтеді. Оған барлығы әзірленген. Анасына гүл шоғын ұсыну да ескерілген. Жас әкені шыдамсыздық сезімі билеген.
Сәбиді шомылдыратын су құбырдан алынбаса онда оны қайнату қажет. Баланы шомылдыратын ванна қанша таза болса да, оны сабындап жуады, оның ойыншықтарын да солай жуу керек. Сонымен «Тазалық денсаулық кепілі» деген ұраннан қайтпаңыз.
Сәбиді шомылдыру кезінде бөлмені арнайы жылытып,күтімді қиындатудың қажеті жоқ. Оны бөлменің дағдылы +20 +22° деңгейінде шомылдырып, киіндіру керек. Егер сәбидің жөргегі суланғанымен өзін тыныш ұстаса, онда шабында баздану жоқ болғаны. Демек келесі емізгенге дейін немесе серуеннен келгенге дейін жөргегін ауыстырмауға болады.
Сәбиді алғаш рет серуенге 8-10 күн өткеннен кейін 10-15 минутқа қолға ұстап жүріп шығарады, содан кейін коляскамен балконға немесе көшеге шығарып, оған жел мен жауын-шашын тимейтіндей етіп алып жүру керек.
Егер күтімге байланысты жұмыстарды ойланып, ақылмен істесеңіз сәби көп уақытыңызды алмайды, зор қуаныш әкеледі. Ал күндік режимді ұйымдастыру қиындау іс. Оны бала организмінің тіршілік қызметі ырғағын ескере отырып, жалпы заңдылыққа сай ғана емес, өз сәбиіңіздің ерекшелігіне қарап құру керек. Оның ерекшелігін тек анасы ғана біледі. Ана сезімі — ұлы күш, ол тек бақылау мен тәжірбие арқылы ғана қалыптасады.
Сәбилер өмірінің алғашқы айларында 3-3,5 сағат сайын (күнінен бұрын және әлсіз болып туылғандар 2,5-3 сағат сайын) тамақтанады. Олар тамақтанудан бос уақытының барлығында ұйықтап жатады. Тамақтану арасындағы сергектік уақыты қысқа және ол 20-30 минут болады. Бұл уақыт ай сайын біртіндеп қосылып отырады.
Нәресте тамақтанады, тойған сәби ойнайды, сосын әбден шаршап ұйықтайды, сөйтіп келесі тамақтану алдында оянады. Осындай режим ұстанғанда сергек, әрі қозғалғыш келеді: өз айналасындағыларға қызыға қарайды, гуілдейді ойыншықтарға қарайды.
Егер нәресте тамақтандырғаннан кейін бірден ұйықтап кетсе, онда келесі тамқтандыруда әлдеқайда ерте оянады. Бұл мезгілде оның емген сүті қарыннан ішекке өтіп, тоқтығы басылады да, нәрестеде аштық күшейе түседі. Бұл арада дүние танып, мәз-мейрам болу сезімі қайдан болсын.
Нәрестенің жылаған дауысы анасын мезгілінен бұрын тамақтандыруға шақырады. Сөйтіп, нәрестенің сергитін, содан кейін ұйықтайтын уақыттарының аралығы қысқарады, режим бұзылады. Жанұя оған көп көңіл бөле түседі. Осындай күн режимінен нәрестенің табанды қарсылығына қарай ізгі ниетте ата-аналар оған қолайлы жағдайға көшеді. Сылап-сипау және гимнастиканың да маңызы өте зор.
Бәленің басы нәрестені тамақтандырудың қиындығы мен қателікте. Ананың бір тамшы сүті — бәрінен де жақсы, емшектен тамақтандырудан артық ештеңе жоқ. Тек емшек сүті ғана жұғымды, ал донорлық сүтті зарарсыздандыру (стерилдендіру) керек болады және мұндайда сүттің едәуір биологиялық бағалы заттары — антитела витаминдері бұзылады. Сәби ана емшегінен сүтті қолайлы жылылықта қабылдайды, сәбидің ана қолында жатуының өзі тамағының қортылуына тиімді, ана жылуы, иісі, тіпті оның жүрек лүпілі сәбиді тыныштандырып, мұның барлығы анамен эмоционалдық байланыстың бастамасы болады.
Егер анасының сүті аз болса, емізуді жиілетуге (әрбір 2,5-3 сағат сайын) болады, бір емшектің сүті жетпесе екінші емшекті де толық емізуге үйрену керек, сонда сүттің мөлшері артады. Бұл тек ананың ғана қамы емес, барлық жанұяның жұмысы, үй жұмысында жас анаға барлығы көмектесіп оның демалуына жағдай жасау керек. Ол ана ұйқысын қандырып, мезгілінде тамақтануы тиіс.
@. @assel_assanova