Мұрат аға мен мысықтың мұрты

Мұрат аға мұртын басып жатқан, пеш қасында ала мысықпен ойнап отырған кішкене ұлы Есентай әкесінің мұрт басқанына еліктеп, қайшыны алды да: «Шенің де мұйтыңды айып бейейін» деп мысықтың мұртын қырқи салды. Сол-ақ екен мысық пырс етіп секіріп кетті.

- Қой, балам - деп Есентайдың қолындағы қайшыны тартып алды, әкесі. Есентай жылап қалды.

Қазан-аяқ жақтан шошына бұрылған шешесі:

- Ойбай, анау қарылып қалды ма? – деп еді, Мүкең: 

- Қыран мысық еді. Тышқан көп те... – деді қынжылып. 

- Оның не балам? Мұртын қырықсаң ала мысығың тышқан аламын деп жүріп қараңғыда басын соғып жарып алады, тышқан қашып кетеді, қабымыз тесіледі ғой, - деп, шешесі айналып-үйіріліп, баласының көз жасын сүртіп, тәтті берді.

Уана қалған ол тәттінің қағазын аршып жатып:

- Апа, қарашы, әкем мұртын қырқып тастады, қараңғыда басын жарып алмай ма, енді?! – дегенде әкесі де, шешесі де күліп жіберді. Кішкене Есентайға ұрсудың да, күлудің де қажеті жоқ. Оны қойып ересектер де мысық мұртының сырын біле бермейді.

Мысықтың мұрты – оның миының ең қырағы барлаушысы және хабаршысы, өзі әрі ұзын, әрі нәзік келеді. Ол болмашы бөгеттерді де алдын ала сезіп миға хабарлайды. Мысық миының әмірі бойынша денесін икемдеп, әр бөгеттен ебдейлі сақтанады. Қарап отырсаңыз, мысық бір нәрсені баспалағанда мұрты жыбыр-жыбыр етіп барлау жасайды. Мысық мұртының жалпы ұзындығы денесінің көлденеңімен бірдей. Сондықтан ол мұртының үші ілінбеген тесіктерге атылып кіріп кете береді, мұрты ілініп қалса, басқаша қимылдап бұлтарады. Ал Есентай әкесінің тышқан қуып қараңғыда жүруін айтудың да жөні жоқ қой. Солай да айта кетерлігі, Мүкеңнің мұртын емес, кірпігін алып тастаса, ол көзін шығарып алуы мүмкін. Мұның сыры да осындай.

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: matome.naver.jp