Басы
Тәрбиеші баланың нәресте шағында-ақ оның тума мінезін һәм темпераментінің түрін байқап, біліп қоюға тиіс, балаға оның темпераментінің түріне қарай тәрбие беру үшін мынаны білу керек: темпераменттің анасы жақсы, мынасы жаман, анадай темпераментті ірі адам, мынадай темпераментті төмен адам деуге болмайды. Адамды ірі қылатын темперамент емес, ақыл мен құлық. Ақылы терең, құлқы сау адам қандай темпераментті болса да тізгіндеп, түзу жолға түсіп кете алады. Темпераментті тізгіндей білу үшін адамның жақсы тәрбиеленуі керек.
Мінез тәрбиесі. Балада берік һәм дұрыс мінез пайда болу үшін тәрбиеші мынадай негізгі екі шартты орындау керек: 1) Баланың өз қолынан келетін іске балаға толық ерік беру. Басқаның күшіне, көмегіне сеніп кетпей, өз қолынан келмейтін істе ғана тәрбиеші көмек көрсетіп жіберуге міндетті. Күштен асатын іске кірісіп, баланың тауы шағылмас үшін. 2) Баланы құбылмайтын, ұсақтықпен қажытпайтын темір тәртіпке (дисциплина) бағындыру керек. Баланы еркіне жіберу оны ерлікке, батырлыққа үйретсе, темір тәртіпке бағындыру шыдамдылыққа, табандылыққа үйретеді. Осы екі жағы тең адамның мінезі күшті болмақ. Баланы тіпті еркіне жібермеу оны жасқаншақ, жасық, қорқақ қылады. Ал тіпті тізгінсіз қоя беру, ләм-мим демей, оның бар еркелігін орындай беру баланы бейбастақ, ессіз, тентек қылып шығарады.
Осы екі жақтың біреуіне аудырып жібермей, баланы ортада ұстай білу үшін тәрбиеші мынаны істеу керек:
1) Балаға бір нәрсені істе дегенде ақырмай-бақырмай, салмақпен һәм былай да жарайды деген сықылды табансыздық көрсетпеу керек. Тәрбиешінің табансыздығын сезсе, бала оны сыйлаудан, тілін алудан қалады. Бала адам айтар емес, еліктемпаз болады. Тәрбиеші тиянақты болса, бала оның тиянақтылығына еліктейді.
2) Балаға бір нәрсені істе дегенде де, істеме дегенде де сол бұйрықтың себебін ұққандай қылып, балаға ұқтырып отыру керек. Себебін ұқса біраздан соң бала өз бетімен-ақ дұрыс іске ұмтылып, теріс істен тыйылатын болады. Ерінбей, жалықпай балаға әрбір істің себебін ұқтыра беру керек. Мәні-жайын ұқтырмай, құр бұйрық беруші адам – тәрбиеші емес. Данышпан Абай айтқандай, «ұстаздық қылған жалықпас үйретуден балаға», тәрбиеші баланың қаһарлы қожасы болмасын, жұмсақ жолдасы болсын.
Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» кітабынан