Микротолқынды пеш - заманауи ас үйде таптырмас көмекші. Етті тез жібітіп, тамақты бір сәтте-ақ жылытатын пештің пайдасын күнделікті көреміз. Алайда оның тағы қандай күтпеген қасиеттері бар екен?
Тұрып қалған ұнтақталған дәмдеуіштер мен астатымдардың дәмін жандандыру үшін оларды микротолқынды пеште жоғары қуатта 30 секунд шамасында жылытыңыз. Қатқан нан тілімін қағаз сулығына орап, 1 минуттай жылытыңыз. Нан қайта жұмсарады. Оның үстіне жып-жылы болады. Қабығы ашылмайтын бадам жаңғағын қайнап тұрған суға салып, пеште 30 секунд жылытыңыз. Ал түйе жаңғағын (грецкий орех) ыстық суға салып, микротолқынды пешке 4-5 минутқа қалдырыңыз. Сонда қабығы оңайлықпен ашылады. Қабығы қиындықпен ашылатын апельсин не грейпфрутті суға салып, 30 секунд жылытса болады. Цитрус жемістерінің шырынын сүйіп ішесіз бе? Лимон не апельсинді бірнеше минут пеште қыздырсаңыз, шырынын оңайлықпен сығып ала аласыз. Микротолқынды пеште қысқа дайындап көк-шөпті, көкөністерді, жаңғақтарды, тіпті нанды кептірсе болады. Қантталып қатып қалған балды 1-2 минутқа пешке салып жібітсе болады. Ескі тақталарыңызға тамақтың иісі сіңіп кетсе, оларды жақсылап жуып, бетін лимонмен сүртіп, микротолқынды пеште бірнеше минут ұстаңыз.Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: mcgrp.ru