Микротолқынды пештің ішін тазалау - оңай шаруа емес. Қатқан май тамшыларын қырудың өзі бірталай уақыт алады. Бірақ бұның да жеңіл жолы бар екен.
Бірнеше минутта-ақ микротолқынды пештің ішін біржолата тазалай аласыз. Ол үшін су құйылған стақанға бір лимонның шырынын сығып қосыңыз. Немесе қарапайым лимон қышқылын қолданса болады. Стақанды пешке қойып, 10-15 минутқа оны іске қосыңыз. Уақыт өткеннен кейін микротолқынды пештің ішін сулы майлықпен сүртіп шықсаңыз болғаны. Қатып қалған май тамшылары оңайлықпен кетеді. Ал егер сіздің микротолқынды пешіңіз тым кірленген, май тамшылары көп болса, лимон шырыны қосылған суға 1 шай қасық ас содасын қосыңыз.
Сондай-ақ микротолқынды пешті жуғанда көп су қолданбаңыз, ол механизмін зақымдай алады. Ең дұрысы сабын суға батырылған ылғал майлықпен сүртіп шығу.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: mundodastribos.com