- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Мерейтойға не сыйлауға...
Мерейтойға не сыйлауға болады?
Үйлену тойы – екі жұптың өміріндегі ең қасиетті, ең атаулы, ең маңызды оқиға. Сол себептен де, ерлі-зайыптылар осы күннің қайталанбас жылылығы мен қуанышын ұзақ жылдар бойы сақтап қалғысы келеді. Осыған байланысты үйлену той күнін атап өту отбасылық мерекеге айналып кетті.
Үйлену той күні – екі жұптың өмірдің уақытша қиындықтарын ұмытып, өз қарым-қатынастарына бақыт пен нәзіктікті қайтаруға тырысатын романтикалық күні. Енді мереке, атаулы күн болғаннан кейін сыйлықтар мен тосын сый деген болады емес пе? Сыйлық арқылы бір-бірімізге деген ықыласты күшейте аламыз.
Әбден дәстүрге айналған, яғни, бірге өмір сүрген жылдарға байланысты естелік сыйлықтар өзектілігін жоғалтып келеді. Жалпы, дәстүрге сүйену ешкімге міндет емес, бастысы жүректі елең етер тосын сый жасап, екпінді романтикаға қою. Үй, асхана заттары ешкімге артық болмайды, бірақ, бұл сыйлықтарды қарапайым мерекелерде сыйлай аласыз емес пе? Дұрысы, махаббат пен адалдықты сипаттайтын жолды таңдау.
№1 Идея
Неке қиылған жерге баруға қалай қарайсыз? Себебі, алғашқы таныстық болған, жаңа өмірге қадам басқан мекендер өмір бойы ыстық болады. Әсіресе, қыздар қауымы мұндайды жүрекке жақын ұстайды. Дәмді тағамдар жасайтын қымбат мейрамханаға тамақтану да жақсы нұсқа саналады. Немесе күнделікті тұратын үйлеріңізге барып, үй жинап, ыдыс жуу, бұзылғанды жөндеу секілді жұмыстарды біржола ұмыту үшін жайлы, жоғары классты қонақүйден бөлме алыңыздар. Сол жерде романтикалық кешкі ас ұйымдастырыңыз, бөлмені безендіруді ұмытпаңыз. Және бәрі де тосын сый болсын. Бұл кеш сіздердің естеріңізде ұмытылмастай болып қалып, қарым-қатынастарыңызға жаңа серпін береді.
№2 Идея
Саяжайда немесе кафеде романтикалық кешкі ас ұйымдастырып, онда сүйіктіңіз жақсы көретін эстрада әншісін немесе би ансамблін, комедиялық топты шақырыңыз. Тек қана теледидар, ғаламтордан көріп жүрген жұлдызын көрген жарыңыз кереметтей әсер алып, сізге шексіз алғыс айтатын болады.
№3 Идея
Қазіргі таңда жұмыс істейтін видеостудиялар көптеген қызықты қызметті ұсынады. Олардың арасында өмірлік серігіңізге ізгі тілектер айтып, сезіміңізді білдіруге болатын шағын музыкалық бейнебаян бар. Ойыңызды іске асыру үшін туыстарыңызды, достарыңызды тартыңыз, сонда туынды әсерлі, шынайы шығады. Күтпеген сый деп осыны айтыңыз!
Сондай-ақ, ер адамдар өз ханшайымдарын мынадай сыйлық жасау арқылы қуанта алады:
– 100 тал раушан гүлі;
– Махаббат сезімі айтылған өзі шығарған өлең жолдары;
– Жарының есімі жазылған жүзік;
– SPA-салонға жолдама;
– Көптен бері армандап жүрген әдемі көйлек;
Нәзік жандылар серілеріне:
– Экстрим мен жарқын эмоцияларды ұнататын болса, парашютпен секіруге шақырту;
– Оның сүйікті спорттық матчына билет;
– Эксклюзивті сағаттар немесе қару макеті;
– Шетелге саяхатқа билет тарту етуге болады.
Сөз соңында заманауи адамдардың әрбір жылдағы үйлену тойы күніне таққан атауларын көрсете кетпекпіз. Сіз осы атауларға қарап сыйлық таңдап көріңіз.
1 жыл – шыт той
2 жыл – қағаз той
3 жыл – былғары той
4 жыл – зығыр той
5 жыл – ағаш той
6 жыл – шойын той
7 жыл – жезді той
8 жыл – қаңылтыр той
9 жыл – жанан той
10 жыл – алқызыл той
11 жыл – болат той
12 жыл – никель той
13 жыл – шілтер той
14 жыл – ақық той
15 жыл – хрусталь той
20 жыл – кәрлен (фарфор) той
25 жыл – күміс той
30 жыл – інжу той
35 жыл – маржан той
40 жыл – лағыл той
45 жыл – жақұт той
50 жыл – алтын той
60 жыл – гауһарлы-алтын той
75 жыл – гауһар той.
Ал сіз жарыңызға не сыйладыңыз?
Дайындаған: Бұлбұл Дәрібаева
Сурет: ru.gde-fon.com