"Мерейлі отбасы" ұлттық байқауы және "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығы биыл да жалғасын табады. Байқаудың шарттарында біршама өзгерістер бар. Күні кеше осы байқаулар төңірегінде Орталық коммуникациялар қызметі алаңында арнайы брифинг өтті. Оған Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Сүлеймен Лаззат, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті төрағасы Байманов Шахмардан және "Nur Otan" партиясының жанындағы "Jas Otan" Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев қатысты.
"Мерейлі отбасы" – отбасының құндылығын дәріптейтін байқау
Брифингте Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Сүлеймен Лаззат осы байқаудың жетістіктерін тілге тиек етті.
"Біздің ұлттық бюджеттің 48 пайызы әлеуметтік салаға бөлінеді. Қазір Отбасылық және гендерлік саясат 2030 ауқымды жүзеге асырылып жатыр. Оның бір бағыты отбасылық саясатты дамыту. Елбасымыз "Мерейлі отбасы" конкурсына бастама болды. Ол қазақстандықтар арасында жыл сайын танымал болып келе жатыр. Бұл конкурстың мақсаты адами руханиятты насихаттау мен отбасындағы ұлттық құндылықтарды сақтау. Бұл байқау биыл жетінші рет өтіп жатыр. 6 жылда байқауға 15 195 отбасы қатысқан. Оның 62 пайызы ауылдық жерде тұрады. Қатысушылардың 36,3 пайызы көпбалалы отбасы. 18 пайызы жас отбасы, 17 пайызы еңбек династияларының өкілдері", - деді Сүлеймен Лаззат.
Биылғы байқаудың шарттары біршама өзгертілген. Бұл туралы Жастар және отбасы істері комитеті төрағасы Байманов Шахмардан айтты.
Олар:
♦ Биыл байқаудың ауқымын кеңейту мақсатында конкурсқа отбасылардан бөлек жергілікті атқарушылар мен заңды тұлғалар енгізе алады;
♦ Бұрынғыдай енді Республикадан бір отбасы жеңімпаз болмайды;
♦ Бұдан былай өңірдегі жеңімпаздарға "Мерейлі отбасы" байқауының лауреаты (жеңімпазы) атағы беріледі;
♦ Байқаудың әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында өңірлік комиссиялардың құрамына азаматтық қоғам өкілдері, өткен жылғы конкурс жеңімпаздары қосу көзделген;
♦ Комиссия отырыстары жергілікті атқарушы органдардың ресми аккауынтында онлайн түрде өткізіледі;
♦ Отбасылардың қоғамдық маңызды істері ескеріліп қайрымдылық, волонтерлік және меценаттық, тәлімгерлік жұмысы іріктеу талабына енгізілді.
"Мерейлі отбасы" ұлттық байқауына Құжаттар қабылдау 15 маусымға дейін жалғасады. Байқау лауреаттарын марапаттау рәсімі жылдағыдай қыркүйек айында, Отбасы күні қарсаңында салтанатты түрде өткізіледі. Толық ақпаратты мына сілтемеден алуға болады.
"Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығын осы уақытқа дейін 294 жас талант иеленген
Еліміз тәуелсіздік алғалы жастарымыз ескерусіз, елеусіз қалған жоқ. Оларға қатысты бірқатар іс-шаралар мен байқаулар ұйымдастырып келе жатыр. Осындай қолдаудың бірі 1992 жылы Елбасының бастамасымен тағайындалған "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығы. Байқау жыл сайын 10 номинация бойынша өткізіледі. Оған 14 пен 29 жасқа дейінгі еліміздің мәдениетіне, қоғамына және әдебиетіне еңбек сіңіріп жүрген жастар қатыса алады.
"1992 жылдан бастап 294 жас "Дарын" мемлекеттік сыйлығының иегері атанды. Биыл 20 мамырдан "Дарын" сыйлығына құжат қабылдау басталды. Өтінімдерді қабылдау 10 тамызға дейін жалғасады. Барлық талантты жастарды қатысуға шақырамыз. Толық ақпарат Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар саясаты бөлімінде қол жетімді. Бұл конкурсқа қатысушылар Республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпаздары болуы тиіс. Орталық мемлекеттік, жергілікті оқу орындары, шығармашылық және қоғамдық бірлестіктер сыйлыққа жастардың кандидатурасын ұсына алады", - деді Байманов Шахмардан.
Қазақстанда пандемия кезінде ажырасу көрсеткіші төмендеген
Қазақстандықтардың отбасын құру орта жасы неше?
Осы орайда пандемияға байланысты отбасында ажырасулар саны азайғаны айтылды.
"2019 жылы еліміздегі отбасылардың ажырасуы 42,9 пайыз болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 37,2 пайызға төмендеген. Мерейлі отбасы жобасы отбасы арасындағы жағымды құндылықты дәріптеу", - деді Байманов Шахмардан.
Сонымен қатар осы брифингте некеге тұратын қазақстандықтардың орташа жасы да айтылды.
"Қазақстандағы ерлердің отбасы құру орташа жасы 27,5, ал әйелдердің орташа жасы 24,8. Бұл бір жағы жаһандық үдеріске де байланысты. Қазіргі жастар отбасы құрмастан бұрын білім алу, жұмысқа тұру, үй алу мәселелерін ойлайды", - деді Жастар және отбасы істері комитеті төрағасы.