Жапондық Мари Кондо — әлемдегі үйді ретке келтіру бойынша ең ықпалды кеңесшілердің бірі және дұрыс үй жинау жайлы бестселлердің («Сиқырлы тазалау») авторы. Оның пайдалы кеңестері көптеген адамдардың өмірін жеңілдетті. Көпшілік үй жинауға демалыс күндерін арнайды. Үйді таңертең ертерек жинап бастасақ та, қараңғы түскенше бітіп болмайды. Соңында шаршап, ұйықтарда күніңіздің тек үй жинаумен өткенін ойлап, көңіл күйіңіз түсуі де мүмкін. Ендеше, Мари Кондоның бірнеше пайдалы кеңесін ұсынамыз.
1. Бәрін бір жинаңыз
Үйді біртіндеп жинау керегі жайлы кеңестерге сенбеңіз. Күнде аз-аздан жинасаңыз — мәңгі жинайтын боласыз. Үлкен тазалау әрқашан көрінетін нәтижелер береді. Біртіндеп емес, бірден тазаласаңыз, ойлауыңыз бен өмірлік әдеттеріңізді де өзгерте аласыз.
2. Үйді ешкім жоқ кезде реттеңіз
Мүмкіндік болса, үйді ешкім жоқ кезде жинауға кірісіңіз. Лақтырайын деп жатқан заттарыңызды күйеуіңізге, әпкеңізге немесе анаңызға көрсетпеңіз. Тіпті, қоқыс салынған пакетті сыртқа өзіңіз шығарыңыз. Сіздің не лақтырайын деп жатқаныңызды туыстарыңыздың білуі міндетті емес. Бұл ұялатын нәрсе емес. Үйді реттеп, тазалау да тұрған ештеңе жоқ. Дегенмен, балаларының не лақтырып жатқанын көру — ата-аналар үшін үлкен стресс. Қоқыстың көлемінің өзі оларды мазасыздандырады. Көп жағдайда қызы тастаған киімдерді немесе заттарды анасы алып қалады. Бірақ ол киімдерді қызы сирек киеді немесе тіптен, кимейді.
3. Бір категория заттарын бір жинау
Көпшілікте бір категорияға жататын заттар үйдің ішінде екі немесе одан да көп жерлерге бөлініп салынған. Мысалы, киімдер тек жатын бөлмеде емес, сондай-ақ қонақбөлмеде және кіреберісте шкафта болуы мүмкін. Мари Кондоның кеңесі бойынша, бір күнде бір бөлмені емес, бір жинағанда үйдегі қандай да бір категорияға жататын барлық затты бірден реттеуді ұсынады. Мысалы, бүгін киімдерді лақтыратынын тастап, қалғанын жинауға кіріссеңіз, барлық бөлмедегі киімдерді реттеп шығыңыз. Ол үшін үйдегі барлық киімді шығарып, қонақбөлмедегі еденге тастаңыз. Содан соң әр киімді қолыңызға алып, өзіңізден сұраңыз: «Осы киім маған қуаныш сыйлай ма?». Егер ол киім сізді бақытты етсе, оны қалдырыңыз. Егер қандай да бір көйлек сізге ешқандай эмоция сыйламаса, одан арылыңыз.
4. Құжаттардан арылыңыз
Мари Кондо үйдегі барлық құжатты ортаға шығарып, оларды екіге бөлуді ұсынады. Біріншісі — нақты қалатын құжаттар: сақтандыру куәліктері, еңбек келісімшарттары, пәтерді жалға алу немесе беру келісімшарттары, туу туралы куәліктер, меншіктік құжаттар және басқа да маңызды құжаттар. Ал екінші — реттеу керек құжаттар: техниканы қолдану нұқсқамалары (гарантиясы болса, оны бірінші құжаттарға қосасыз), есепшоттар, чектер, билеттер, купондар. Қағаздарды көлденең күйінде емес, қатты вертикаль папкаларда сақтаңыз. Сол кезде олар жинақы көрінеді.
5. Алдымен лақтыратын заттарды тастаңыз, содан соң жинаңыз
Үй жинау кезінде жіберілетін қателіктердің бірі — үй жинау мен қажет емес заттардан арылуды бір уақытта жасау. Ең тиімді әрі жылдам әдіс — алдымен қажет еместің барлығынан арылып, содан соң ғана қалған заттарды қайда және қалай қою керегін шешу. Қоқыс салатын пакет толған бойда оны сыртқа шығарып тастаңыз. Әйтпесе, қайтадан ойланып, кей заттарды пакеттен шығарып алуыңыз мүмкін.