Отбасынының бақытты болуы, махаббатың мәңгі, баянды болуы көбінесе әйелдер қауымына байланысты. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген халық даналығы. Осы бір сөздің өзі әйелдің қоғамдағы алатын орнын, атқаратын рөлін айқындап тұрған жоқ па?!
Көпшілік нәзік жандылар қауымында сүйген жарымен кіршіксіз, пәк, ғұмырлы махаббатты армандамайтыны кем де кем. Барлығы да өмірлік жолдасым деп таныған адамымен мәңгі бірге болуды, өмірдің ащы-тұщысын бірге көруді армандайды. Әрине, кіршіксіз, былайша айтқанда идеал махаббатқа, идеал қарым-қатынасқа қол жеткізу мүмкін емес. Дегенмен, қарым-қатнасты жаңа сатыға, жаңа биікке көтеріп, өмірлеріңізді өзгертуге, бір-бірлеріңізді жаңа қырларыңыздан тануға мүмкіндіктеріңіз мол. Жаңа сатыға көтерілген шақтарыңызда сіздер үшін жеке қалауларыңыздан гөрі отбасының қажеттілігі бірінші орынға қойылып, барлық болып жатқан проблемалар бірге талқыланып, бірге шешілетін болады. Осылайша әрекет ету, отбасы құндылығын сақтауда, арадағы сыйластықты, түсіністікті сақтауда көп септігін тигізеді.
Осындай сыйластыққа, махаббатқа салқын түсіретін себептердің бірі – жұбайлардың екі түрлі деңгейден, екі түрлі ортадан шығуы. Сондықтан да өмірлік жар таңдауға немқұрайлы қарамай, өз ортаңыздан таңдағаныңыз абзал. Ұқсас тәрбие, ұқсас әлеуметтік жағдай, ортақ қызығушылық осылардың бәрі тез тіл табысуға, қарым-қатынасты орнатып, сыйласымды жұп болуға себепші болады. Шынымен, қыз бен жігіт бірін-бірі сөзсіз, ыммен түсінер болса, бұл жұпты қай жағынан алып қарасақ та кемшіліксіз, нағыз идеал жұп деп айтар едік. Алайда, мұндай қарым-қатнас та уақыт өте келе жалықтырып алуы әбден мүмкін. Мысалы, шынайы бақытты аристрократтардың отбасылары қоғамда бірең-сараң, саусақпен санарлық.
Келесі бір себебін айтар болсақ, бүгінде көбінесе бір-біріне мүлде қарама-қайшы типтегі, әр түрлі қоғамның өкілдері, әр түрлі көзқарастағы, әр түрлі деңгейдегі адамдар тағдырларын тоғыстырып жатады. Және сондай жас отбасылардың көпшілігінде шамалы уақыттан кейін түсінбестіктер пайда бола бастайды. Мұндай жұптарға уақыт өте келе ортақ әңгіме айту, ішкі жан дүниесін ақтару, жай-күйін түсіндіру қиынға соғады. Мұндай сәтте тек төзім мен жолдасыңыздың көзғарасына, пікіріне деген құрмет арадағы салқындық пен алшақтықты жеңеді.
Өкінішке орай, шаңырақтың ойрандалуына, отбасында ұрыс-керістің пайда болуына кейде ата-ана мен дос-жарандардың ықпалы да тиіп жатады. Көпшілік ата-аналар балаларының таңдауын мақұлдап, өздеріне жақын қабылдай бермейді. Осындай сәттерде екі жаққа да темір төзім мен бәріне төтеп берер жігер қажет. Әйтседе арадағы түсініспеушілікті қатты ушықтырмай, бейбіт шешуге күш салыңыз. Себебі, жарасымды жұп құра отырып, ата-анаңызбен, достарыңызбен араз болғаныңыз ақылға сыймайды.
Махаббатқа енді қадам басқан жандар бірден жарасымды жұп болып кетпейді. Ол да көлемді уақытты қажет етеді. Ең алдымен екі адам бір-бірімен түсінісе алуы керек. Бір-бірін толық зерттеп, кемшін тұстарына көз жұма қарай алатындай болуы керек. Кейде ол адамның өзін-өзі ұстауы мен мінез-құлқы сіздің бойыңызда жиіркеніш тудыратын сәттері кездеседі. Жарыңыздың үйренуіне тура келетін ондай жағымсыз туа біткен қылықтар сіздің де бойыңыздан табылады. Сол себепті бір-біріңізді тәрбиелеп, жөндеуге тырыспаңыздар. Себебі талғамыңыздың барлық критерийлеріне сай келетін жанды іздеп табу мүмкін емес.
Өмір атты алып теңізде сіздің қалауыңызға қарамастан, пікір қайшылығы мен өкпе-реніштер осыған дейін қалай болды, солай жалғасын табады. Шындық тек дауласу кезінде туады. Ал бірдей ойлайтын немесе өз ойын бүгіп қалатын, даудан қорқатын жандар үшін шындықты айту, бір мәселені шешу қиынға соғады. Олардың шешімі ортасы үшін маңызды рөл атқаруы мүмкін. Бір затқа біржақты көзқараспен қарамауға тырысыңыз.
Психологтардың айтуы бойынша, бірнеше жыл отасқан жандар еріксіз бірін-бірі қайталап, ұқсастықтары көбейіп, қызығушылығы жағынан жақындай түседі екен. Екі жақ бір-бірімен түсінісе бастаған сәтте екі жаққа да түсініксіз, тылсым бір әлем есігін ашқандай сыңай танытады. Алғашында үйреншікті нәрсе болып көрінбеген нәрселер кейіннен қалай күнделікті әдетке айналғанын байқамай да қаласыз. Өзіңізге мүлде ұқсамайтын адаммен жақындасарда, уақыт өте келе ол адамның жан дүниесінің жаңа парақшалары ашыларын білгеніңіз жөн.
Егер ұзақ әрі берік қарым-қатнасты қаласңыз, болашаққа жоспарды сүйіктіңізбен бірге бірге құрыңыз. Қандай ортақ мақсаттарыңыз, армандарыңыз, ойларыңыз бар екенін анықтап алыңыз. Бағыттарыңыздың ортақ болуы, бір-бірлеріңізді толық тануларыз араларызды берік ете түспесе, алшақтатпайды.