Махаббатсыз дүние бос (Жігіт күнделігінен) #3

Басы

«Сен маған өзің қоңырау шалдың. Менен не болғанын сұрадың. Мен ештеңе де болған жоқ деп, саған қысқа жауап қайтардым. Сен кездесейік, әңгіме бар деген едің. «Әңгіме бар» дегеніңде жүрегім біртүрлі дір ете қалды. Кешке саябақта жолықпақ боп уәделестік. Ең бірінші танысқан жерге сен ерте келіп алыпсың. Ботадай көздеріңмен маған қиыла, мұңая қарап алдың да, әңгімеңді бастадың. «Осымен бәрін тоқтатайық. Мен басқа жанды сүйіп қалдым» дедің. Бұл сөздер ауызыңнан шыққанда, біреу менің үстімнен мұздай су құйып жібергендей болды. Не болғанын сұрап әлекпін. Сенің райыңнан қайтар түрің жоқ. Шешімің соңғы, әрі нақты екен. Осыны айтып болып, сен жөніңе кеттің. Мен сол орында түн ортасына дейін мелшиіп отырып қалыппын...»

14.11.2007 жыл

«Сенімен сөйлеспегелі бір апта болды. Өлердей сағындым сені, Еркеназ. Сен соны білемісің?! Шынымен бәрі осылай біткені ме? Мені мүлде сүймегенің бе? Онда неге маған келісіміңді бердің о баста?! Дәл қазіргі менің күйім Ләйлісінен айрылған Мәжнүндікіндей болмаса кем емес. Мен жігітпін ғой. Көз жасымды көрсетпеймін. Бірақ, көздің емес, жүректің жылағаны қиын екен. Жаным тыныштық табар емес. Маған қайта оралшы, Еркем...»

21.11.2007 жыл

«Бүгін сенен хат келді. Ашып оқығанымда қөзіме еріксіз жас үйірілді. Батырым деп басталған бұл хатты соңына дейін оқып шығу қиынға соқты. Сен маған қайта оралсаң болғаны... Менің бар тілегім, арманым сол, алтыным».

«Батырым... Сәлем! Қалың қалай? Денсаулығың жақсы ма? Менде бәрі бұрынғыша. Алайда, сені сағындым... қатты... Сен менің ғана Батырымсың. Соны білесің бе? Мен сені шексіз сүйгенмін, сүйемін, сүйіп өтемін. Сен қараңғы өміріме жарық сәуле шашқан күнімсің. Дүниенің бақытын сенің құшағыңда тұрғанда сезінетін едім. Осы бақытым ұзағынан созыла берсе екен деп тілеуші едім. Сен менің жып-жылы үйім секілді болатынсың. Бәлкім менің сөзіме сенбессің...

Сен алдында менің бір жігітпен тұрғанымды көрдің емес пе? Неге үндемедің? Неге айтпадың? Мен оны әдейі істедім ғой. Сенің қабағыңнан қар жауып кетіп бара жатқаныңды көріп, жүрегім қан жылады. Бірақ олай істемесіме амалым қалмады. Сен маған алғаш сөз салған шақта бас тартуым керек еді. Менің қолымнан келмеді. Сені жүрегім қалап тұрып, қалай басымды изегенімді де білмей қалдым. Ең бірінші танысқан күніміз есіңде ме?! Маған «мұңаймаңыз» деп гүл ұсынған сәтте мен өзімнің 3 айлық қана өмірімнің қалғанын естіген болатынмын. Өмірде қуаныш пен қайғы қатар жүреді деген рас екен-ау. Жанымды мұң басқан кезде, жабырқау көңіліме тіреу болатын жанды, сені, жолықтырдым. Мен сенің адал, аппақ сезіміңе кірбің түсірсем кешірші...

Мен сенің жаныңда жүріп өмір сүргім келді. Уақытымның аз екенін біле тұрсам да, үмітімді үзгім келмеді. Әрдайым менің жанымда болсаң ғой деп армандап, әр таңымды атырдым... Мен ертең шетелге кетіп барамын. Ота жасатпақшымын. Одан кейін аман қаламын ба, жоқ па білмеймін. Егер бәрі жақсы болса мені қайта қабылдай аласың ба? Мені дәл солай шексіз сүйе алсың ба? Білмеймін... Мен бәрінен де үмітімді үзбеймін. Олай-бұлай боп кетіп жатсам, мені мүлдем ұмытып, бақытты өмір сүремін деп уәде берші. Жарай ма?! Сен бақытты, қамсыз, көңілді, жайдары өмір сүруге тиіссің... Кездескенше, қош сау бол, асылым... Әрқашан да жүрегім – сен, тірегім – сен, тілегім – сен. Сәлеммен сенің ғана Еркеназың».

28.11.2007 жыл

Жалғасы бар...

Жолдаған: Ақерке Талғатқызы