- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Лимонның қауқары неге...
Лимонның қауқары неге жетеді?
Өткен жолы лимон эфир майын суға тамызып, қысқатолқынды пешке салып қойса, жағымсыз иістен арылтатынын жазған едік. Бүгін эфир майын іздеп әлек болмай-ақ, қарапайым лимонды тұрмыста пайдаға жаратуға арналған кеңестер ұсынамыз.
Лимонның қабығын ашып, осы қабығын ыдысқа салып, үстіне су құйып, микротолқынды пешке бес минутқа салып, қыздырыңыз. Содан соң пештің ішін сүртсеңіз, жылан жалағандай жылтырап шыға келеді.
Қайнаған қызылшаны турағаннан кейін оның қолға сіңіп қалған қызыл бояуы оңайлықпен кетпейді. Сумен, сабынмен қанша жусаңыз да кетіре алмай қойдыңыз ба? Онда алдымен лимонды кесіп, қолыңызға жағыңыз. Содан соң жусаңыз, тап-таза болған қолыңызға қарап, қызылша ұстағаныңызды да ұмытып кетесіз.
Қол-аяғыңыздың терісі құрғап, әсіресе шынтағыңыз қатпарланып тұра ма? Оның да шешімін лимон арқылы табасыз. Бір лимонның шырынын сығып, үстіне бір қасық ас содасын салыңыз. Осы қосындыға мақта малып алып, құрғаған жерді сүртіңіз. Енді бұл да мәселе болмайды.
Алма, алмұрт секілді жемістерді ерте турап қойсақ, беті құрғап қалады. Қарайып кетпеуі үшін бетіне аздап қана лимон сығындысын себіңіз.
Шашыңызды басқа түске боядыңыз ба? Жуған сайын бояу сумен ағып, шашыңыз бастапқы түсіне ұқсап кетуі мүмкін. Бұл мәселенің алдын алу үшін шашыңызды жуар алдында лимон шырынын жағыңыз.
Тырнағыңыз жұмсақ, сынғыш па? Суға лимон шырынын және өзін салып, бірнеше минут саусағыңызды малып отырсаңыз, тырнақты қатайтып, жақсы қалыпқа келтіреді.
@. @assel_assanova