Әрбір мектеп оқушысының ең қызықты, ең тәтті күндерінің бірі лагерь қабырғасында өтеді. Қазір біздің еліміздің түкпір-түкпірінде әртүрлі оқу және ойын сауықтыру орталықтары жұмыс істейді. Оқушылардың қабілетін арттыру, уақыттарын үнемді пайдалану, жаңа дүниелермен танысуы үшін барлық жағдайлар жасалған десе де болады. Әрбір бала лагерь өмірін көруге тиісті. Бұл – үлкен өмірге аса қажетті көпір десе де болады.
Бүгін сіздерге осындай лагерьдегі күндеріңізді қызықты өткізуге арналған кеңестерімізді ұсынып көрмекпіз. Себебі, оқушылар қауымы санаулы күндерден кейін тағы да бір жаңа оқу жылын аяқтап, лагерь есігін қағатын болады.
Ең алғашқы күн
Бірінші күннің мақсаты – балаларды қабылдау, жаңа орындармен таныстыру, ережелері мен дәстүрлерінен хабардар ету. Мұның бәрін де мұқият тыңдап алыңыз. Алдағы күндердің жақсы өтуі ақпараттарды қалай қабылдай алуыңызға тікелей байланысты. Ережелерді бұзбағаныңыз басқаға да, өзіңізге де жақсы.
Басқалармен қарым-қатынас
Көпшіл болыңыз. Ұялшақтықтығыңызбен ештеңеге жете алмайсыз. Бөлмелестеріңізбен, сыныптастарыңызбен ашық сөйлесіңіз, әзіл айтуды үйреніңіз. Достарға адал болыңыз, жақсы қасиеттеріңізді көрсетіңіз.
Жаңа орта
Жаңа ортаға үйренісіп кету кімге болсын оңай емес. Әсіресе, бұрын соңды жаңа жерлерге бармасаңыз, жаңа бөлме сізге жайсыз болады. Алайда, аз ғана шыдамдылық танытсаңыз оған да үйреніп кетесіз. Соңында ортаны қимай, көзіңізге жас алып жатсаңыз таңғалмаңыз.
Сабақ
Осы күнге дейін тек қана өз мектебіңізге, ұстаздарыңызға үйреніп қалдыңыз. Осы мәселеге келгенде аздап қиындықтар болады. Бірақ, сіз бәрін де жеңіп, үлгілі, озат оқушы атану керексіз. Мектебіңіздің, ата-ана, ұстаздарыңыздың үмітін ақтау – міндетіңіз.
Белсенділік
Белсенді болыңыз. Өнеріңізді, шығармашылығыңызды шыңдаңыз. Тек қана сабақпен шектелу – үлкен ағаттық. Өзіңіз қатысқан іс-шаралар арқасында лагерьдегі күндеріңіз қызықты бола түседі. Көп нәрсе үйренесіз, жоғарғы оқу орнына дайындық болады. Сыныбыңызда топ басшы болуға тырысып көріңіз.
Ойын-сауықтар
Сабақ, қоғамдық жұмыстар сізді би кештерінен, отырыстардан, көңілді шаралардан қалыс қалдырмасын. Сіз онда жаңа адамдарды көресіз, достар табасыз, көңіл көтересіз, ойыңызды бөлесіз.
Бастысы – уақытыңызды үнемді пайдаланыңыз. Сонда ғана ертеңгі күні тәтті естеліктерді ұялмастан айтып отыра аласыз, ата-анаңыз сізді мақтан тұтатын болады. Өмірлік тәжірибе жинақтайсыз және жаңа мақсаттар мен армандардың пайда болуына жол ашылады.
Ал сіз лагерьде болдыңыз ба? Тәтті күндерден естелік айта отырыңыз...
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет:vk.com